Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы талайдан бері қолдау таппай келген «әкімшілік юстиция» жобасына жол ашты. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясындағы сараптамалық талқылауда ұйым мүшесі Марат Башимов осындай пікірін бөлісті.
«Президент өзінің Жолдауында адам құқықтары саласына ерекше көңіл бөлді. Өйткені адам құқықтарын, соның ішінде конституциялық құқықтардың рөлін жоғары көтеру керек. Жалпы адам құқықтарының аясы кең ғой. Гендерлік теңдік, отбасындағы қарым-қатынас, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелері Президенттің бұл Жолдауында кеңінен қамтылды», - дейді заңгер. Сарапшы Жолдауда айтылған дүниелердің іске асуына прокуратура өкілдерінің жұмысы елеулі әсер ететінін айтады.
«Бұл жолы Мемлекет басшысы прокуратура өкілдерінің құзыретін кеңейтуге қатысты бастамалар көтерді. Азаматтардың конституциялық құқығын қорғайтын бірден бір орган осы прокуратура. Менің ойымша, бұл тұрғыда прокуратура өкілдері жұмыс істеп отыр. Бірақ соның деңгейін әлі де көтеріп, ашықтығын ұлғайту керек. Халық прокуратура өкілдерінің жұмысын біліп отыруы керек», - деді Марат Башимов. Оның сөзіне қарағанда, бұл Жолдауда құқықтық салада талайдан бері айтылып жүргенімен, қолдау таппай жүрген маңызды бастамалар айналымға енгенін айрықша атады.
«Жолдауда әкімшілік юстиция туралы айтылды. Ол бастаманы Президент тікелей өзі қолдап, алға жылжытып отыр. Өйткені бұл идея 12 жылдай іске аспай тұрып қалған болатын. Түптеп келгенде, бұл – шенеуніктерді тәртіпке әкелетін заң. Сондықтан болса керек, осы күнге дейін қолдау таппай келген. Шененуніктер шығаратын қаулылар азаматтардың құқығына немесе Конституцияға қайшы болса, кез келген азамат әкімшілік юстиция өкілдеріне шағымдана алады. Бұл дамыған мемлекеттердің бәрінде бар тәжірибе. Бұл тетік бүкіл мемлекеттік аппаратты құқықтық тәртіпке әкеледі. Өйткені 1-2 рет сондай сотта ұтылып қалса, екінші рет аяғын аңдап басады. Азамттардың құқығына қайшы келетін қаулы шығару фактілері көп кездеседі. Тіпті кең заң нормалары конституцияға сәйкес келмей жатады. Заң нормаларын қабылдамай тұрып Конституцияға сәйкестігін анықтауды көздейтін өзгерістер қаралып жатыр», - деді Ұлттық кеңес мүшесі. Сондай-ақ, ол аталмыш бастамаға Конституциялық кеңестің өзі де бастама танытқанын айтады.
«Мұны да Президент тікелей бақылауында ұстап, қолдап отыр. Осының бәрі Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қолдап, бақылауына алмаса, алға жүрмеуші еді. Жолдаудың түйінінде Президент Мемлекет басшысының тасырмалары мен бастамаларына саботаж жасағандарға жөн сілтеді. Президенттің Жолдауында мұндай сөздің айтулы осындай жағдайлар бар екенін көрсетеді. Кейбір тапсырмалар жергілікті орындарды қойып, орталық билік деңгейінде де орындалмай жатады. Ол да проблема. Президент Қазақстандағы адам құқықтары Біріккен ұлттыр ұйымының индикаторларына сәйкес келу керектігін айтып жүр. Соны іске асыру үшін осындай бастамалар көтеріліп отыр», - деді Марат Башимов.