Кеше кешкісін Жамбылдағы жарылысты жария еткен кейбір БАҚ өкілдері жазалануы мүмкін деген ақпарат берген едік. Ақыры бұл ақпарат рас болып шықты. Жамбылдағы жарылыс кезінде өзінің журналисттік міндетін атқарған кейбір БАҚ өкілдеріне қатысты тергеу басталыпты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Солардың бірі – Данияр Әлімқұл есімді әріптесіміз. Бүгінде Даниярдың телефоны тәркіленіп, өзінен тіс жармау туралы қол хат жаздырып алынған.
«Жарылғаны рас. Жарған Данияр емес!
Құрметті әріптестер, Жамбылдағы жарылыстың жаңғыры басылмай жатып әріптесіміз Данияр Әлімқұл әлі белгісіз себеппен тергеуге алынды. Телефоны тәркіленіп, өзінен тіс жармауға қол хат жаздырып алынған.
Бізге белгілісі Даниярдың құзырлы органдарынан шақырту алғанына Байзақтағы кәсіпкердің ауласындағы снарядттарды көрсетуі себеп. Сонда егер қауіпті затты көрсең үндемей кету керек пе? Жемқорлықты, ұрлықты, жалпы қылмысты істі көрсең айналып өтуіміз керек пе? Снарядтың дүмпуінен Даниярдың сюжеті елге, қоғамға қауіп төндірді ме? Бүгінде БАҚ пен жергілікті билік арасы күннен күнге алшақтап бара жатқаны, сорақысы оған жауаптылардың қыңқ демей отыруы алаңдатады. Сондықтан бүгін сағат 15:00 де облыстық прокуратураның алдында әріптесімізді қолдауға шақырамын. Жарылғаны рас. Жарған Данияр емес», - деп жазған Айбат ақпарат агенттігінің журналисі Нұрадин Рақай.
Тағы бір әріптесіміз Маржан Рақайдың жазуынша, Даниярды Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті мен прокуратура тергеуге алған. «Жалған ақпарат таратты» деген айыппен.
«Байзақтағы жарылыстан дүркін-дүркін жедел ақпарат таратып, оқиға орнынан тікелей эфирге шығып, одан кейін де осы мәселені, оған қатысты жан-жақты жаңалықтың бәрін елге жеткізіп жүрген журналисті Жамбыл облыстық Ішкі істер департаменті мен прокуратура тергеуге алыпты. «Жалған ақпарат таратты» дегенге саятын баппен.
Неге? Нақты қандай ақпарат? Журналистің нақты не кінәсі бар? Нендей айып тағылып немесе нендей іске куәгер ретінде? Ол жағы белгісіз. Бір білгенім, мәселе мына фотодағы снаряд қалдықтарына қатысты сюжетке байланысты. Ал нақтысын білмекке барған әріптестерге прокуратура «әуре болмаңдар» деп шығарып салған секілді.
Қалай болғанда да, өз міндетіне адал, барынша объективті ақпарат тарата білетін білікті журналист, әріптесіміз Даниярдың мәселесі Жамбылдың журналистерін, жалпы ел журналистерін бей-жай қалдырмайтыны анық.
Қолда бар ақпаратты жедел тарата алмай, тиісті "органдардан" рұқсат күтіп отыратын болсақ, журналистиканың қай құны қалды? Онсыз да ресми БАҚ әкімдіктің "батасын алмай" ауыз ашудан қалды», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.