17.09.2021, 08:23

Тоқаев Пәкістан премьер-министрімен кездесті

Фото: ашық дереккөз
Екі ел басшылары Ауғанстандағы ахуал жөніндегі ойымен бөлісті.

Пәкістан премьер-министрімен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев өзара сенім мен сыйластыққа негізделген екіжақты қатынастардың деңгейі жоғары екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы ортақ мүддені көздейтін салалардағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастыруға шақырды. Қазақстан президенті сауда-экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени ынтымақтастықты арттыру мәселесіне арнайы тоқталып, Имран Ханды Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Пәкістан премьер-министрі өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты нығайтуға септігін тигізетін логистикалық мүмкіндіктерді дамыту маңызды екенін айтты, сондай-ақ, Қазақстан президентін Пәкістанға сапармен келуге шақырды.

Кездесуде екі елдің басшылары Ауғанстандағы ахуал мен өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ойымен бөлісті.