Қазақстан Үкіметі Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен бірлесіп «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасайтыны туралы ақпарат қоғамда біраз талқыға түсті. Әлі де талқылануда. Өйткені, мәселе біржақтыланған жоқ. Үкіметтің өзімбелімдікпен қабылдаған бұл шешіміне қоғам наразы, сала мамандары наразы, сарапшылар наразы, деп жазады Абай.кз.
Қыркүйек айының басында Үкімет басшысы Асқар Мамин мен Сбербанк ЖАҚ президенті Греф Герман қол қойған Меморандум мәтіні Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі сайтында жарияланған.
Сонымен Меморандумда не жазылған? Ондағы тараптардың құқық-құзыреттері мен міндеттері қандай? Шолып шықтық. Қараңыз:
«Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне («GovTech платформасы» ) және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумның жобасы мақұлдансын.
Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және «Data-Driven Government» тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қойылсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін»,- делінген ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 606 қаулысында.
Алайда, Үкімет сайтынан дәл осы № 606 қаулыны таба алмадық. «Рrimeminister.kz» сайтындағы «Құжаттар» бөліміндегі тізбеде 604-ші қаулыдан кейін бірден 607-ші қаулыға жалғасып кетеді.
Аталған Меморандумда ҚР Үкіметі цифрлық трансформацияға және цифрландырудың платформалық моделіне («GovTech платформасы») көшуге мүдделі екені айтылады. Осы мақсатта цифрлық платформаны («GovTech» ) құруға арналған технологиялары, тәжірибесі мен құралдары бар СБЕР компаниялар тобының «Platform V» базасына жүгінген. Ал, СБЕР қазақстандық «BTS Digital» ЖШС-ны стратегиялық әріптес ретінде таңдап алған. («BTS Digital» ЖШС - ҚР Үкіметінің 40% үлесі бар ERG тобының еншілес компаниясы). Сөйтіп, «Астана» халықаралық қаржы орталығына қарайтын ұйымдар мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысуымен цифрландыру жобасы негізінде арнайы Консорциум құру туралы шешім қабылданыпты.
«Консорциум құру туралы келісім негізінде:
- адамға бағдарланған сервистерді іске асыру үшін цифрлық платформалық шешімдерді енгізу;
- деректерді талдау және жасанды интеллект бойынша практикаларды қолдана отырып, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі және цифрлық трансформациялау;
- қолайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру;
- экономикалық өсуге және инновациялық белсенділікті дамытуға жәрдемдесу мақсатында шешімдер келісіледі»,- делінген.
ҚР Үкіметінің міндеті
Осы Меморандум шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі:
- Меморандум шарттарында «GovTech» платформасын іске асыру шартын және «GovTech» платформасы қызметтерін алу шартын жасасу мүмкіндігін қамтамасыз етеді;
- «GovTech» платформасын «электрондық үкімет» ақпараттық-коммуникациялық платформасының түйінді бөлігі ретінде айқындайды;
- Қажетті шараларды қабылдай отырып, Қарыз туралы келісім бойынша «ҰАТ» АҚ (ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамы) міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде «ҰАТ» АҚ-ны капиталдандыру бойынша мемлекеттік кепілдік беруді пысықтайды;
- 2022 жылдың бірінші тоқсанында «GovTech» цифрлық платформасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының IТ жүйелері мен инфрақұрылымын зерттеу нәтижелерін Консорциуммен бірлесіп, талдау базасында техникалық тапсырманы қоса алғанда, «GovTech» платформасының нысаналы архитектурасын енгізу үшін негізгі параметрлерді әзірлеуді қамтамасыз етеді;
- Цифрлық трансформациялау орталығының рөлін күшейте отырып және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік деректерді иелену мен басқару, архитектура және архитектуралық қадағалау, мемлекеттік жүйелер мен платформаларды әзірлеу жөніндегі тәсілдерді орталықтандыру, мемлекеттік жүйелер мен платформалар әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік органдар процестеріне трансформация және реинжиниринг жүргізу бойынша қажетті өкілеттіктерді бекітіп бере отырып, мемлекеттік органдардың бизнес-процестеріне трансформация және реинжиниринг жүргізуді үйлестіру үшін институционалдық негіз құруды қамтамасыз етеді.
СБЕР компаниялар тобының міндеті
Ал, СБЕР компаниялар тобы:
- Консорциумға «Platform V» платформасын өрістетуге және пайдалануға, 3 жыл ішінде Әріптестік туралы шартта сипатталған шарттарда техникалық қолдауды қоса алғанда, лицензиялар береді;
- «GovTech» платформасы мен оның компоненттерін өрістету және теңестіру үшін консультациялық, әдіснамалық қолдауды қамтамасыз етеді;
- Консорциумға «Platform V» платформасына қатысты 20 жылға дейінгі мерзімге Әріптестік туралы шартта сипатталған өзара тиімді талаптармен техникалық қолдау көрсетеді;
- Консорциум тарапынан техникалық қолдауға ақы төлеу кезінде «Platform V» платформасының (оның ішінде жоспарланған архитектурадағы жылдамдық көрсеткіштері бойынша) функционалдығы мен жұмысқа қабілеттілігін және оның техникалық тапсырмаға сәйкестігін қамтамасыз етеді;
- «PlatformV» платформасы базасында «GovTech» цифрлық платформасын енгізу кезінде СБЕР компаниялар тобы ұсынған немесе әзірлеген бағдарламалық қамтылымдағы Эксклюзивті әріптестік туралы шарт қолданылатын бүкіл кезең бойы үшінші тұлғалардың зияткерлік меншік құқықтарын СБЕР компаниялар тобының сақтайтынына және құқықтарды беру (қосалқы лицензиялау) мүмкіндігіне кепілдік береді, ал наразылықтар туындаған жағдайда оларды өз есебінен дербес реттеу бойынша міндеттемелерді қабылдайды.
Айта кетейік, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мен Сбербанк ЖАҚ арасында Қарыз туралы келісім жасалады. Ол - Сбербанк ЖАҚ-қа қызмет көрсету үшін негізгі борыш пен пайыздар сомасына Қазақстанның мемлекеттік кепілдігімен «ҰАТ» АҚ-қа кредит ұсынуды көздейді. Кредит желісі Сбербанк ЖАҚ тарапына барлық қажетті құжаттар уақтылы ұсынылған жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін $500 млн (бес жүз миллион АҚШ долларына) дейінгі мөлшерде балама қаржы Ресей рубльімен берілетін болады.
Тараптар 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін Меморандумды іске асыру жөніндегі егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспарын әзірлейді және оған қол қояды.
Тақырыпқа тұздық:
Қазақстан Үкіметі мен СБЕР компаниялар желісі арасында жасалған Меморандумда СБЕР қазақстандық «BTS Digital» ЖШС-ны стратегиялық әріптес ретінде таңдап алғаны анық жазылған.
Күні кешеге дейін Меморандум мәтіні еш жерде жарияланбағандықтан, «BTS Digital» ЖШС даулы жобның стратегиялық әріптесі екенін көпшілік білген жоқ.
«BTS Digital» ЖШС ERG тобының еншілес компаниясы. 2018 жылы негізі қаланған. Компания цифрлық өнімдерді әзірлеу және қызмет көрсетумен айналысады. Ресми сайттарында: «Жекелеген ұйымдар мен Мемлекеттік сектор бізбен жұмыс істейді», - деп жазылған.
BTS Digital-дың жалғыз құрылтайшысы – Eurasian Digital Ventures I Limited Partnership компаниясы деп көрсетілген ашық дереккөздеріндегі ақпараттарда. Ал бұл компанияның қожайындары әйлігі Еуразиялық үштік. Дәлірек айтсақ, Александр Машкевич, Патох Шодиев және марқұм Алиджан Ибрагимовтың ұлы Шухрат Ибрагимов. Ал жоғарыдағы Меморандумда не себепті дәл осы Машкевичтердің компаниясы жобаның стратегиялық әрептесі ретінде таңдалғаны нақтылап жазылмаған.