$ 494.87  520.65  4.91

«Сот орындаушылары мен коллекторлардың шексіз билігін шектеу қажет» - қоғам белсендісі

Мұның салдары болашақта бес адамның өлімінен де, бес отбасының қара жамылуынан да қымбатқа түсуі мүмкін

5 адамның өлімі һәм Тоқаевқа дат

Бес адамның қайғылы қазасын естігенде мені мына бір ой мазалады. Сосын бүгінгі қайғылы оқиғаны негіз ете отырып, бұл іске тікелей қатысы болмаса да, төмендегі жайды баян еткім келді.

Біздің елде борышкерлердің қарызы коллекторларға өткен соң, тіпті еселеніп кетеді. Коллекторлар борышкерге қайтадан несие рәсімдеп, жеке нотариус арқылы шешім шығартып, қарызды қайтару үшін істі сот орындаушыларға тапсырады (Әрине, даулы іс болмаса). 

Көбіне несие борышкерлеріне қатысты жеке нотариустар заңды белшеден басып, екі жақтың пікірін тыңдамай, ақшалы ұйымның мүдесіне лайық үкім шығарады (оны бұзу түкке тұрмайтын оңай шаруа, негізі). Осы уақытқа дейін нотариустардың заңда көрсетілгендей борышкер тарапын да тыңдапты дегенді естіген емеспін!
Сол біржақты жасалған құжат мыңдаған халықты тонап жатыр! 

Мұның салдары болашақта бес адамның өлімінен де, бес отбасының қара жамылуынан да қымбатқа түсуі мүмкін (өйткені, банктердің жалмауыздығы, үстемақы пайыздың көп болуы, сот орындаушылардың "менбілемдігі", т.б тиылмай тұр).

Осы оқиғаны негізге алып, Президент Тоқаевтан мына "қажеттерді" талап етемін. 

1. Нотариустарға сот міндетін атқарып, біржақты шешім шығаруын біржола доғарту қажет. 

2. Сот орындаушылар жеке тұлғаның есепшоттарын жабарда ресми хат жазып, ол хат борышкердің қолына тимей (яки, онымен сөйлеспей, ескертпей) жатып, әрекет жасауына тыйым салу қажет. 

3. Сот орындаушылардың жеке тұлғаларды тығырыққа тірейтін (мысалы, он мың теңге үшін) шексіз құқығын шектеу қажет.

4. Сот орындаушылардың (мысалы, есепшотты бұғаттай салғаны үшін алатын ақысын) пайдасын 60-70 пайызға дейін қысқарту қажет. 
(Мәселен, қазір бір адам, келген смс-ті оқымай, 13 мыңдық айыппұлы салынғанын білмей қалса, оны 16 мың етіп төлеуге мәжбүр. Яғни, Қазақстанда азаматтары смс (еще ол смс-тің құны 1000 теңге)))) оқымағаны үшін де жаза шегеді. Мұндай мың мысал айтуға болады. Біздің әкейдің 200 теңге салығы үшін (оның өзі меммекеменің кінәсі) 3 200 теңге төлеген кезім болды. Сотқа беруге, соттасуға тұрмайтын болған соң, ызадан тіл тістеп қайтқан едім. Бұл менің басымдағы ғана жағдай емес. Елдің бәрі күнделікті азабын тартып жатыр).

5. Борышкерлердің есепшотын жабуды шетелден шығу құқығынан айыру, мүлік сатуына шектеу қою деген секілді жазалармен жеңілдету қажет. 
(Ел есепшотында ақша бола тұрып, жиырма мың теңгелік айыппұлын төлей алмай таныстарынан қарыз сұрап, зар жылап жүреді. Есепшоты жабылған адам аяқасты ауырып, дәрі керек болып қалса, содан о дүниелік болып кетсе, оған кім жауапты?)

6. Коллекторлардың жұмысын жүйелеу һәм олардың шексіз билігіне шектеу қою қажет.
(Мәселен, оларға борышкердің сыртынан жаңа несие рәсімдеуіне біржола тиым салынсын!).

7. Коллекторлар барлық құжаттармен (мысалы, банктен борышкердің қарызын сатып алған құжатты) борышкердің танысуына мүмкіндік туғызу қажет. 
(Біздің елде коллекторлар банктен 200 мыңға сатып алған қарызды борышкерге миллион теңге етіп өндіріп алатын оқиғалар көптеп кездеседі).

8. Банктердің несиеден алатын пайыздық өсімін қысқарту, қарыз өтелмей қалған жағдайдағы пеняның, өсімнің көлемін жеңілдету қажет.

9. Несие мәселесінде соттардың шешімі бір тараптың мүддесін ғана қорғамайтындай жағдай туғызуы қажет.
(Мысалға, өтелген қарызды, негізгі берешекті есепке ала отырып, борышкердің қарызды жеңілдетілген жолмен қайтаруына мүмкіндік беру)

10. Жеке адамды да банкрот деп жариялайтын заң қабылдау қажет.
(Мемлекеттің тендерін үптеп кеткен компаниялар банкроттық жариялай салып, бар жауапкершіліктен құтылып жатады. Ондай болмаса да, кез-келген жеке тұлға шынайы себеппен банкрот болу мүмкін екенін мемлекеттің есепке алғаны дұрыс).

11. Банктер ұсынатын несиенің бәріне "сақтандыру" жүйесін енгізу қажет. 
(яғни, негізді себеппен қарызын өтей алмаған жеке тұлғалардың берешегін сақтандыру компаниялары төлеп беретін жүйеге жан бітіру керек).

Мен әдейі ұсақ нәрселерді айтып отырмын! Осы ұсақ нәрселер халықты ашындырып бітті. Ол ашынудың түбі жарылысқа әкеледі.

Әйтпесе, 5 отбасын қара жамылдырған күдіктінің сөзін сөйлеу ойымда жоқ! Ол адам лайықты жазасын алар. 
Ал бірақ... Адамды осындай ауыр қылмысқа итермелегендер неге жазаланбайды? 

Берік Уәли мырза, бұл пікірді президентімізге жеткізерсіз деп ойлаймын!
Жазбаны бөліссеңіздер қарсы емеспін! Сосын, басқа да талап-тілектеріңіз болса, жаза отырғайсыздар!

Журналист Қанат Әбілхайырдың  facebook парақшасынан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары