Қазақстанда кәсіпкерлерді тексеруге мораторий 2023 жылға дейін сақталады. Бұл туралы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қаржы министрлігі кез келген сынды жақсы қабылдайды және біз үнемі диалогқа дайынбыз. Бірақ басын ашып алатын мәселе бар: бұл жерде мораторийді алып тастау туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Мораторий президенттің жарлығына сәйкес 2023 жылдың қаңтарына дейін жалғасады. Қаржы министрлігі тек жауапсыз кәсіпкерлерді жауапқа тарту жайын көтерді", - деді Жамаубаев үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, былтыр қазақстандықтардан сауда операциялары кезінде чек бермегені үшін 19 мың шағым түскен. Қаржы министрлігінің мәліметінше, онлайн бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын кәсіпкерлердің тең жартысы үнемі чек шығара бермейді.
"Өкінішке қарай, мемлекеттік кірістер комитетінде осындай заңбұзушылықтарға ден қою тетіктері жоқ. Осыған байланысты қазір біз чек бермейтін жауапсыз салық төлеушілерге қатысты салықтық бақылау алгоритмін пысықтап жатырмыз", - деді министр. Қаржы министрлігі мұндай кәсіпкерлерге қатысты қандай шаралар қабылдайтынын әзірге шешкен жоқ.
Ведомство бизнесті реттеуге қатысты кез келген шешімді қоғам талқысына шығаруға уәде етті. Сондай-ақ бұл мәселе бойынша міндетті түрде қоғамдық тыңдау өтіп, депутаттық корпуспен бірге жұмыс жүргізіледі.
Еске салары, 2 қыркүйекте өткен үкімет отырысында қаржы министрлігі шағын бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды сұрады. Айтуынша, жауапсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда.
Бизнесті тексеруге мораторий президент тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға енгізілген болатын.