Қазақстан президенті Түркия ұлы ұлттық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентопты қабылдады.
Бұл туралы Orda.kz Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде құбылмалы жағдай қалыптасса да, түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастығының өте маңызды екенін атап өтті.
– Әлемдегі құбылмалы жағдайды ешкім дөп басып болжай алмай отыр. Осыған қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар ойдағыдай дамып келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара сенімге, достыққа негізделген, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның халықаралық аренадағы беделінің артып келе жатқанына тоқталып, бауырлас елдің жетістігіне қуанатынын жеткізді. Сонымен қатар мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағын жоғары бағалады.
Мұстафа Шентоп Қазақстанға жасаған сапары аясында қабылдағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін жеткізді. Сондай-ақ ол әлемдік пандемияға байланысты бетпе-бет кездесулердің шектелгеніне қарамастан, екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Қараша айында біздің елде өтетін Түркі кеңесі елдерінің саммитінде түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жөнінде бірқатар маңызды шешім қабылданады деген үміттеміз. Өзіңізді сол саммитте күтеміз, – деді Түркия ұлы ұлттық жиналысының төрағасы.