Саясат 30.09.2021 сағат 17:40

+997 коды: Министр Мусин өтірік айтқан ба?

Үш таңбалы Гондурас, Сомали, Конго сияқты елдердің тізіміне қосылудың алдында тұрмыз. Ал қазақ үшін қасиетті 7 таңбасын Ресейге сыйға тартып кеттік пе?
+997 коды: Министр Мусин өтірік айтқан ба?
Фото: abai.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсембинов ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанның Халықаралық телефон кодының ауысуына қатысты бірқатар мәселе көтеріпті.

Естеріңізде болса, осыдан біраз күн бұрын (21 қыркүйекте) Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұзақ жылдардан кейін Қазақстанға жаңа +997 телефон коды белгіленгенін сүйіншілеп жеткізген еді.

«БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады. 

Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздер нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді. Қазір тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр», - деген еді министр.

Ал Мусин мырза басшылық ететін министрлік БАҚ-қа: «Қазақстан Ресеймен +7 кодын қатар қолданып келеді. Код КСРО тарайтын уақытта берілген. Қазақстан мен Ресейдің коды +7 болғандықтан, қазақстандықтар түрлі онлайн платформаларда еріксіз Ресейді таңдап, сол арқылы жұмыс жасауға мәжбүр болған еді», - деп ақпарат таратқан.

Ал бүгін депутаттық сауал жолдаған Берік Дүйсембинов:

«Сіз, 21 қыркүйекте «БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады.  

Сондай-ақ Халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады. Кезінде КСРО тарағанда, +7 Халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын», - деп мәлімдеген едіңіз.  

Жалпы, бұл жаңалықты халқымыз, әсіресе ұлтжанды азаматтарымыз цифрлық тәуелділіктен арылу және де өзіміздің цифрлық төл таңбамызды алдық деп, үлкен үмітпен қуана қабылдап, қолдау білдірген еді.  

Бірақ, осы саланы жетік білетін кәсіби мамандардың бұл тақырыпқа байланысты пікірлерін естіп қуанышымыз су сепкендей басылып, орнына көптеген сұрақтар туындап отыр. Енді сарапшыларының пікіріне сүйенсек, Сіз айтқандай +7 саны екі елге бірдей белгіленген код емес, ол тек географиялық аймақтың коды, ал екінші +7 тек біздің елге бекітілген сан. Яғни +77 Қазақстанның жеке коды. Қазақстаннан қоңырау шалған кезде әлемнің әр тарапынан Қазақстан деген жазу шығу үшін тек ХЭБ одағына тиісті хат жазу жеткілікті деп санайды. 

Оның үстіне екі таңбалы DEF-коды тек дамыған әрі беделді мемлекеттерде бар. Мысалы Қытайда +82, Германияда +49, Франция +33 деген сияқты. Бұл қатарда Қазақстан да бар еді. Енді еліміз бұл тізімнен өз еркімен шығып, үш таңбалы Гондурас, Сомали, Конго сияқты елдердің тізіміне қосылудың алдында тұрмыз. Ал қазақ үшін қасиетті 7 таңбасын Ресейге сыйға тартып кеттік пе?», - дейді.

Үш таңбалы DEF-коды еліміздің болашақ абоненттік базасын едәуір қысқартып, біз ұлттық цифрлық байлық ресурсымызға өз қолымызбен шектеу қойып отырмыз, деген мамандар пікіріне сүйенген депутат: «Код ауысса, азаматтардың қаржылық, әлеуметтік қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Өтпелі кезеңдегі қаржылық шығындар (азаматтардың абоненттік нөмірді ауыстыруы, т.б.) есепке алынды ма? Ол шығындарды кім өтеуі тиіс? Бюджет пе, болмаса азаматтарымыздың қалтасынан шыға ма», - дейді депутат.

Сөз соңында Мәжіліс депутаты: «Қазақта «аңқау елге арамза молда» деген сөз бар. Біз әрине ондай ойдан аулақпыз. Алайда, көпшілік сізді тек министр ретінде ғана емес, өз кәсібінің білікті маманы деп таниды. Сондықтан бұл қойылған сұрақтарымызға атүсті емес, толыққанды егжей тегжейлі кәсіби жауабыңызды күтеміз», - деп түйіндейді.

Депутаттық сауал

ҚР Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б.Б.Мусинге 

Сіз, 21 қыркүйекте: «БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады.  

Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады. Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын», - деп мәлімдеген едіңіз.

Жалпы, бұл жаңалықты халқымыз, әсіресе ұлтжанды азаматтарымыз цифрлық тәуелділіктен арылу және де өзіміздің цифрлық төл таңбамызды алдық деп, үлкен үмітпен қуана қабылдап, қолдау білдірген еді.

Бірақ осы саланы жетік білетін кәсіби мамандардың бұл тақырыпқа байланысты пікірлерін естіп қуанышымыз су сепкендей басылып, орнына көптеген сұрақтар туындап отыр. Енді сарапшыларының пікіріне сүйенсек, сіз айтқандай 7-і саны екі елге бірдей белгіленген код емес, ол тек географиялық аймақтың коды, ал екінші 7 тек біздің елге бекітілген сан. Яғни +77 Қазақстанның жеке коды. Қазақстаннан қоңырау шалған кезде әлемнің әр тарапынан Қазақстан деген жазу шығу үшін тек ХЭБ одағына тиісті хат жазу жеткілікті деп санайды.

Оның үстіне екі таңбалы DEF-коды тек дамыған әрі беделді мемлекеттерде бар. Мысалы Қытайда +82, Германияда +49, Франция +33 деген сияқты. Бұл қатарда Қазақстан да бар еді. Енді еліміз бұл тізімнен өз еркімен шығып, үш таңбалы Гондурас, Сомали, Конго сияқты елдердің тізіміне қосылудың алдында тұрмыз. Ал қазақ үшін қасиетті 7 таңбасын Ресейге сыйға тартып кеттік пе?

Мамандардың пікірінше үш таңбалы DEF-коды еліміздің болашақ абоненттік базасын едәуір қысқартып, біз ұлттық цифрлық байлық ресурсымызға өз қолымызбен шектеу қойып отырмыз.

Жоғарыда айтылғандарды және үш таңбалы кодка көшу кезеңінде орын алу мүмкіндігі бар мәселелерді ескере отырып келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймыз.

1.    Дамыған 38 ОЭСР мемлекеттерінің 25-і қолданатын екі таңбалы кодтан дамушы мемлекттер қолданатын үш таңбалы кодқа көшуге қандай себеп болды?

2.    Қазақстан деген жазу шығу үшін осындай цифрлық құрбандыққа бармай, оны шешудің оңай техникалық жолы бар екені ескерілмеді ме?

3.    Бүгінгі қазақстандықтар қолданып жүрген сервистер мен қосымшаларды бағдарламамен қамтамассыз етіп отырған әлемдік әзірлеуші компаниялар өздерінің кодын осындай қысқа уақытта өзгертуге дайын ба және еліміздің азаматтары күнделікті қолданып жүрген цифрлық мүмкіндіктерінен айырылып қалмай ма?

4.    Өтпелі кезеңде 77 коды көрші елге ауысатын болса олардың телекоммуникация компаниялары жетіден басталатын бұрын біздің азаматтарымызға тиесілі болған сим карталар шығара бастайды. Өзіңізге белгілі бүгінгі барлық қызмет сим картаға байланған (аккаунт, egov, әлеуметтік желі, банк, логиндер, төлемдер т.б)

Азаматтарымыздың қаржылық, әлеуметтік т.б. қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Оның үстіне, өтпелі кезеңдегі қаржылық шығындар (азаматтардың абоненттік нөмірді ауыстыруы, т.б.) есепке алынды ма? Ол шығындарды кім өтеуі тиіс? Бюджет пе, болмаса азаматтарымыздың қалтасынан шыға ма?

Құрметті Бағдат Батырбекұлы! 

Қазақта «аңқау елге арамза молда» деген сөз бар. Біз әрине ондай ойдан аулақпыз. Алайда, көпшілік сізді тек министр ретінде ғана емес, өз кәсібінің білікті маманы деп таниды. Сондықтан бұл қойылған сұрақтарымызға атүсті емес, толыққанды егжей тегжейлі кәсіби жауабыңызды күтеміз.

Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Түйін:

Сонымен, министр Мусин 21 қыркүйекте: «Қазақстан Ресеймен +7 кодын қатар қолданып келеді. Код КСРО тарайтын уақытта берілген», - дейді. Депутат Дүйсембинов бүгін (30 қыркүйек): «+7 саны екі елге бірдей белгіленген код емес, ол тек географиялық аймақтың код. +7 тек біздің елге бекітілген сан. +77 Қазақстанның жеке коды», - дейді. Сонда осыдан оншақты күн бұрын «отыз жыл күткеніміз +997 коды еді», деп сүйіншілеген министр Мусин өтірік сөйлеген бе?

Abai.kz
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар