Әлемдік дағдарыс ЕЭО елдерін де айналып өткен жоқ. Әсіресе азық-түлік тауарларының бағалары тұрақсыздыққа әкеп соғуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті проблеманы оңтайлы шешу үшін одақ елдеріне тиісті құжатты бекітуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінде планетаның әрбір оныншы тұрғыны, яғни 700 млн-нан астам адам азық-түлік тапшылығынан зардап шегеді. Әрине, біздің елдерде жағдай әлдеқайда жақсы, бірақ біздің нарықтарымыз күн сайын өсіп жатқан әлемдік бағалардың қысымын сезінуде. Мәселенің өзектілігі жылдан жылға арта түсуде. Бұл тұста Еуразиялық экономикалық комиссия одақ елдерімен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ортақ қағидаттары мен тәсілдерінің жобасын әзірледі», - деді Мемлекет басшысы.
Құжат азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге және тапшылықтың туындау тәуекелін барынша азайтуға бағытталған шараларды, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенде пайдаланылатын материалдық техникалық ресурстардың импортын алмастыру жөніндегі тетіктерді көздейді.
«Аталған құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Алматыдағы кеңес отырысында бекітуді ұсынамын. Құжат жүйелі, практикалық өзара іс-қимылға және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелер алуға бағытталған болуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.