Алматыда Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен жол құрылысы және қоғамдық кеңістікті дамытуға арналған жиын өтті. Алматы әкімі төрағалығымен өткен дәстүрлі аппараттық кеңесте Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі «Жол картасының» аралық қорытындылары, халық санағының барысы, жолдар мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы қаралды.
«Жол картасын» орындау аясында «Экономикалық өсу» бағыты бойынша 187 млрд теңге сомасына 21 инвестициялық жоба іске асырылды. Жыл соңына дейін 186,7 млрд теңгенің тағы 21 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Алматының ЖӨӨ НКИ 105,5%-ды құрады, ал көлемі – 5,8 трлн теңге.
Жыл басынан бері 53,1 мың жаңа жұмыс орны құрылды, бұл ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейін 5,3%-дан 5,1%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Орташа айлық жалақы 296 мың теңгені құрады.
«Шетсіз қала» қағидатын іске асыру аясында 24 шағын ауданда 36,5 мың үйді қамтитын 92 км су құбыры және 77 км кәріз желілері тартылды. Нәтижесінде қала тұрғындарының 98,4%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері 518 көше жарықтандырылды. Жыл соңына қарай көшелерді толық жарықтандырылатын болады. Табиғи газ желілері 99,2%-ға дейін қолжетімді.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев партияның «Жол картасына» енгізілген жобалардың іске асырылу мерзіміне бақылауды күшейтуді тапсырды.
Халық санағына келетін болсақ, қазіргі уақытта онлайн және офлайн форматта 2 089 540 респондент қамтылды. Бұл қала халқының ағымдағы санының 104,19% құрайды. Онлайн-формат 21 қазанда жаңартылды. Санақ науқаны 30 қазанға дейін жалғасады.
Ерекше назар аударылатын жолдар мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы жеке қаралды. Қаланың көше-жол желісінің жалпы ұзындығы – 3097 км, оның 299 км қатты жабыны жоқ. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 80%-дан 83%-ға дейін арттыру мақсатында жаңаларын жөндеу және салу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері жалпы ауданы 214 мың ш.м. жолдарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 31 км тротуар, 65 аялдама алаңы жөнделді. Қысқы кезеңде шұңқырларды жөндеу үшін 5 бірлік арнайы техника – термос-бункерлер сатып алынды, 200 тонна арнайы қысқы асфальт дайындалды.
Ұзындығы 201,1 км жоспарланған 206 көшенің 197 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, қалған 9 көше бойынша жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Жандосов көшесі бойындағы BRT желілері Сүлейменов көшесінен Үлкен Алматы өзеніне дейін, Таусамалы шағын ауданындағы Қонаев көшесі Яссауи көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін реконструкциялануда.
Алты шағын ауданда (Шаңырақ-5, Нұршашқан, Самғау, Әлмерек, Қайрат, Өжет) жолдарды салу мен күрделі жөндеу аяқталды. Тағы екеуінде (Құрамыс, Думан) жұмысты қараша айында аяқтау жоспарлануда.
Әкімнің тапсырмасы бойынша жоспарланған жұмыс көлемі аяқталуы тиіс.
Рекреациялық аймақтарды құру мақсатында жаңа қоғамдық кеңістіктерді жөндеу және салу жүргізілуде. Соңғы 2 жылда 84 нысан іске қосылды. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Маяк» тоғайы, Көкмайса шағын ауданындағы «Есентай» өзенінің жағалауы, Тау қырат шағын ауданындағы учаске, «Жарбұлақ» және «Тіксай» өзендерінің арналары абаттандырылуда.
Селден қорғау бөгетінен №1 тұндырғышқа дейін Үлкен .Алматы өзенінің су қорғау белдеуі мен арнасын реконструкциялау жүргізілетін болады. 15 нысан бойынша жобалар әзірленуде. Соның ішінде, Алатау ауданындағы Өжет шағын ауданындағы тоған бойындағы және Боралдай өзенінің бойындағы жасыл аймақтар абаттандырылады. Сонымен қатар, Медеу ауданының Алатау шағын ауданындағы Ибрагимов көшесінің бойына сквер салу қарастырылған. Наурызбай ауданындағы Қарғалы өзенінің жағалауын, ҮАК солтүстігін және Алатау ауданындағы Жаңа Саин көгалдандыру жоспарлануда.
Б. Сағынтаев Жаңа Алматының қалаға қосылған шағын аудандарында жайлы қоғамдық кеңістік құрудың маңыздылығын атап өтті. Тұрғындар балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын құра отырып, саябақтар мен демалыс орындарын салу қажеттілігі туралы бірнеше рет өтініш білдірді. Сондықтан мегаполис әкімі жобаларды әзірлеу және іске асыру кезінде қала тұрғындарының пікірлері мен тілектерін ескеруді тапсырды.