$ 494.87  520.65  4.91

Түркістан қаласында бұқаралық спортты дамыту үшін екі мекеме құрылды

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 221 спорт нысаны бар. Атап айтқанда, 1 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 139 спорт ойын алаңы, 10 теннис корты, 5 жүзу бассейні 59 спорт залы жергілікті бұқараға қызмет етуде.
фото: yassy-tur.kz
фото: yassy-tur.kz

Түркістан облысының орталығы - Түркістан қаласында спорт саласы күннен-күнге қарқынды түрде дамып келеді. Биылдың өзінде спорттағы сан саланы қамтып, дамыту үшін шаһарда жаңадан «Яссы футбол клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Яссы футбол клубында" ересек футболшылар кәсіби түрде дайындық жасаса, "Түркістан қаласы балалар мен жасөспірімдер спорт клубында" негізінен, бұқаралық спорт түрлеріне мән беріледі. Атап айтқанда, бүгінде аталған клубта спорттың футбол, баскетбол, «Street bаll», үлкен теннис, Street Workout сынды түрлері бойынша 10 жаттықтырушы жұмыс істейді.      Түркістан қалалық спортты дамыту бөлімінің 2021-2025 жылдарға арналған Даму бағдарламасы аясындағы мәліметке сәйкес, жыл басынан бері халықты спорт инфрақұрылымымен қамту, яғни, спорт залдармен және жүзу бассейндері сынды орындармен қамту (1000 адамға шаққанда) жоспардағы 55 пайыздан 8 көрсеткішке артық орындалып, жұмыстарды орындау деңгейі 63,1 пайызға жеткен. 

Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту аясындағы жұмыстарда да оң өзгеріс байқалады. Мұндағы сандарды сөйлететін болсақ, жергілікті жұрттың жүйелі түрде спортпен айналысатындарының қатары қалыңдаған. Бүгінде шаһардағы 184 мың халықтың 61 мыңға жуығы тұрақты түрде спортпен шұғылданады екен. Бұл аталған спортты дамыту бөлімінің осы саланы дамытудағы жоспарлап отырған 32 пайызынан асып түсіп, 33 пайызға жетіп отыр. 

Балалар мен жеткіншектердің саладағы үлес салмағы мол. 6-18 жас аралығындағы спортпен айналысатын түркістандықтардың саны 7 мыңға жуықтайды. Жылдық жоспар 16 пайызды құраса, жыл соңына жетпей межелі болжам орындалып қойған. 

Түркістан шаһарындағы бұқаралық спортты дамыту,  қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, мақсатында бөлім тарапынан жарыстар ұйымдастырылып жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте, қалалық Адами капиталды дамыту бөлімімен бірлескен жұмыстар істелініп жатыр. Атап айтқанда, мектеп оқушылары, мұғалімдер арасындағы спартакиадалар, жоғары, орта-арнаулы оқу орындарының студенттері, оқытушылары арасында спартакиадалар, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар, ҚР атаулы мерекелері қарсаңында дәстүрлі түрде спорттық жарыстар ұйымдастырылып өткізілуде. 

Жетістіктерді айтып өтуге мысалдар көп. Мәселен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей тойы қарсаңында Балуан Шолақ спорт кешенінде ақпан айында баскетболдан 2006-2007 жылы туылған қыздар арасында, волейболдан ардагерлер арасында жарыс ұйымдастырылса, «Береке, Қайрат» ГТК спорт кешендерінде ардагерлер арасында кіші футболдан, «Оқушылар  сарайында» шахматтан жасөспірімдер арасында сайыс өткізілді. Мұндай сайыстарды тізе берсек өте көп. Жыл басынан бері 100-ге жуық сан түрлі спорт сайыстары болған. 

Енді облыстық, республикалық байрақты бәсекелерде Түркістан қаласының атын шығарып, намысын қорғап жүрген сайыпқырандарымызға тоқталсақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен республикалық жарысқа іріктеу турнирі өткен-ді. Облыстық жарысқа 21 талантты балуан қатысты. Белдесуде өзінің талантымен көзге түскен Түркістан қаласының балуаны Айдарбек Тоқтарбек бас жүлдеге ие болды.

Мұнан бөлек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан облыстық спартакиадада Түркістан қаласы әкімі аппараты және дербес бөлім қызметкерлерінен құралған команда 2 орынға ие болса, волейболдан ересектер арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласынынан әйелдер және ерлер командасы да 2-орынға жайғасыпты. Үстел теннисінен ересектер арасында өткен спартакиадада Түркістан қаласының құрамасы 1 орынға ие болса, шаһарда өткен волейболдан және кіші футболдан 40 жастан асқан ардагерлер арасында арасында облыстық спартакиадада Түркістан қаласының командасы 1 орынға шыққан. 

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 221 спорт нысаны бар. Атап айтқанда, 1 спорт сарайы, 3 стадион, 5 спорт кешені, 139 спорт ойын алаңы, 10 теннис корты, 5 жүзу бассейні 59 спорт залы жергілікті бұқараға қызмет етуде. Одан басқа, заманауи үлгідегі жасанды төсенішпен 64 ашық спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілді. Оның 31-і кіші футбол алаңы, 16-сы баскетбол алаңы, 7-уі теннис корты, 7-уі «Street Workout» алаңы, 3-уі «Street bаll» алаңы. Қала тұрғындары  спорттың 12 түрі бойынша спортпен айналысады.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары