29.07.2014, 10:00

Екі бірдей агенттік басшылары қызметтерінен босатылды

Сурет: time.kz/baiterek.kz

ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов пен ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов лауазымдарынан босатылды, деп хабарлайды қос агенттіктің баспасөз қызметі.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының қызметін атқарушы лауазымына Аманжол Алпысбаев тағайындалып отыр.

Еске сала кетсек, М.Оспановқа қатысты 300 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғанболатын. Қылмыстық іске байланысты ол 3 шілде күні ол қамауға алынған-ды.

Сонымен бірге, ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің төрағалығына уақытша міндетін атқарушы болып төраға орынбасары, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин тағайындалып отыр.

Айта кетейік, Б. Қуандықов бұл қызметке 2014 жылдың қаңтар айында тағайындалған болатын. Оның алдында ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы, Қызылорда облысының әкімі қызметтерін атқарған.