Біз ұрылардан тұратын "ордалы жыланның" шырмауындамыз...
Бізде көп жағдайда ғылыми негізсіз қабылданған бағдарламалар жергілікті жерде әкімдердің заңға томпақ, бұйрықтық - бюрократиялық әдіспен іске асырылуда. 30 жыл бойы билік орталықтың монополиясын шектеу, оны жергілікті өзін-өзі басқарумен алмастыруға ерте, халық басқаруға қабілетсіз деуден тынбай келеді. Барлық деңгейдегі кіріс келтіретін келісім-шарттарды қолдарына ұстап отырған үкіметтегі шенеуніктер мен жергілікті әкімдер өздерінің жеке бастарын байытудың жолына түскен.
Заң жүзінде республикалық бюджетті және өз құзыры шегінде жергілікті бюджеттің атқарылуы жөніндегі функцияны атқаратын орталық өкілетті орган да «атқарушы билік, яғни әкімшілік орган» болып келеді. Бүкіл бюджеттік бағдарламаларды айқындайтын да, жоспарлайтын да бүгінгі жемқорлық жайлаған әкімшілік билік.
Заң шығарушы парламент пен мәслихаттардың (халықтың) бақылауында болуға тиіс республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі «есеп комитеті және ішкі бақылау жөніндегі орталық бақылау органдары» да атқарушы биліктің қолында. Бюджетке де қоғамдық (халықтық) бақылау жоқ.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа сот, прокуратура органдарының өздері жол ашуда. Санкция беру құқына ие прокуратура іс жүзінде сыйақы талап ететін органға айналған. Солардың қолымен барлық жерде де қылмыстық істерге жататын жемқорлық бармақ басты, көз қыстымен жабылып жатыр.
Осының салдарынан сыбайластықпен байланған билік басындағы шенеуніктер өз адамдарын ең маңызды лауазымды қызметтерге қою арқылы, өздерін ғұмыр бойы қылмыстық қудалаудан қорғайтын айрықша құқыққа ие болып, саяси өмірімізде өз бақылауын бірте-бірте күшейтіп келеді.
Мұны барлығы Назарбаевтың бүгінгі авторитарлық, диктаторлық режимі жемқорлық жайлаған оның айналасына, өзі тағайындаған аймақтағы әкімдеріне қош болып тұр.
Бір сөзбен айтқанда барлық жерде Үкімет, Министрліктер, атқарушы билік, әкімқаралардың ортасы коррупцияның «ОРДАЛЫ ЖЫЛАНЫНА» айналған. Ел басқарудағы бұл құрылымдары «Нұр Отанның» «жетекшілері» мен «мүшелері» екенін ескерсек, қай партияның қаншалықты жемқорлыққа белшесінен батып жүргенін аңғаруға болады.
Ал, мұның барлығы ЕЛ БАСЫНЫҢ қажырлы еңбегі мен сындарлы саясатының арқасында жеткен 30 жылдағы ЖЕТІСТІГІМІЗ. Қазақстан халқы жемқорлар мен қылмыскерлерден құралған "ОРДАЛЫ ЖЫЛАННЫҢ" шырмауында.
Қоғам белсендісі әрі ардагер журналист Нұрлыбай Қошаманұлының
facebook парақшасынан