Жаңаөзен оқиғасының он жылдығы қарсаңында мемлекеттік телеарналардан көрсетілген деректі фильмде Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жаңаөзен оқиғасына қуғындағы бұрынғы банкир, шетелде тұратын билік оппоненті Мұхтар Әблязовты кінәлайды, деп жазады Азаттық.
"Бұл Әблязовтың ісі. Мереке кезінде алаңда тойлап жатқан адамдарға шабуыл жасау. Енді бәрі түсінікті болды, біз мұны зерттедік. Демек, ақша берген, мұнайшының киімін де кигізіп қойған, араққа тойдырып, Молотов коктейлін әзірлеген. Тәуелсіздік күні. Алаңда эстрада концерті өтіп жатқан, адамдар тұрған. Олар концерттің шырқын бұзды. Онымен тоқтамай, полиция кеңсесін талқандауға барған. Қару-жарақ қайда тұрғанын іздеген", – деді Нұрсұлтан Назарбаев деректі фильмде.
Бұл фильмді түсіруге америкалық кинорежиссёр, сценарист және продюсер Оливер Стоун атсалысқан. Сегіз сағаттық фильмнің екінші сериясы жуырда бірінші президент күні атап өтілген шақта яғни, 1 желтоқсанда мемлекеттік арналардан көрсетілген.
Фильмде Назарбаев 2011 жылы өзгелердің кеңесіне қарамастан оқиғадан кейін Жаңаөзенге ұшып барғанын айтқан.
"Түнде тікұшақпен ұшып бардым. Таңертең бүлікті көрдім. Дүкендер, пошта өртенген, полиция кеңселері бұзылған. Тұрғындарды залға жинауды сұрадым", – деді Назарбаев.
Фильмде Назарбаевтың Жаңөазендегі жиналыста сөйлеген сөзінен видеокадрлар көрсетілген.
"Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайын деп жатқан шақта, бүкіл әлем ұлтымыз туралы естіген кезде неліктен Жаңаөзенде осындай оқиға болды? Кінәсіз адамдар опат болды. Мен бірден көңіл айту үшін бардым", - деді Назарбаев.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған. Ондаған адам жараланған.