$ 449.58  486.94  4.86

Даниал Ахметовтің бұрынғы орынбасары тергеліп жатыр

Егер Омаров сотта ашылып сөйлейтін болса, Даниал Ахметовке ғана емес, ел аузында жүрген тағы бір ірі шендінің басына таяқ тиюі мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Омаров Ринат Мұратұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бізге жеткен дерекке қарағанда, Р.Омаров Шығыс Қазақстан облысында лауазымды қызмет атқарып жүргенде жемқорлық жасаған.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы іске қатысты тілшіміздің сауалына жауап берді, деп жазады Nege.kz порталы.

– Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы Омаров Ринат Мұратұлына қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қандай іс қозғады? Омаровқа қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды ма? Оған ҚР Қылмыстық кодексінің қандай бабы бойынша айып тағылды?

Марат Ахметжанов аталған ақпаратты растады. Қазіргі уақытта тергеу амалдарының жүріп жатқанын да мәлімдеді. 

«Нақты қандай айып болғанда, бұл қылмыстық істің бар екенін айтайын. Бұл жерде тергеу амалдары жүріп жатыр. Маған берген мәлімет бойынша, тергеу жақын арада аяқталып, сотқа жолданады», — деді Ахметжанов.

Даниал Ахметовтің бұрынғы көмекшісі Ринат Омаровтың нақты қандай іс бойынша тергеліп жатқанын Ахметжанов айтқан жоқ. Nege.kz порталы ШҚО прокуратурасына да ресми сауал жолдады. 

Ринат Омаров 1973 жылы 14 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдады және Д. Қонаев атындағы гуманитарлық көлік және құқық университетінде «Электрэнергетика» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі білігін алды. Ғылыми атағы – саяси ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Алматы облысының статистика басқармасында бюджеттер статистика бөлімінде экономист болып бастады.

1999-2003 жылдар аралығында «Алматықалабезендіру» АҚ-ның Атырау, кейін Астана қаласындағы филиалдарының директоры болды.

2004 жылы «Алматықалабезендіру» ЖАҚ Вице-президенті лауазымына тағайындалды. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде, сонымен қатар Астана әкімі аппаратында қызмет етті. «Астана - Энергия» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, кейін Алматы қаласында «Азия энергетика компаниясы - АЭК» ЖШС дамыту жөніндегі директоры міндетін атқарды.

2016 жылдың шілдесінде ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2017 жылдың маусымында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

2018-2019 жылдары ШҚО әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған.

Қолда бар дерекке сенсек, Р.Омаров ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандыққа шыққан.

«Бұл істің ушықпауына біраз шенді мүдделі. Егер Омаров сотта ашылып сөйлейтін болса, Даниал Ахметовке ғана емес, ел аузында жүрген тағы бір ірі шендінің басына таяқ тиюі мүмкін. Ол шендінің кім екенін білу үшін Омаровтың өмірбаянына үңілу жеткілікті», – дейді тұрақты оқырманымыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары