03.01.2022, 18:10

«Газ құнын литріне 120-дан 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылданды» - Энергетика министрі

Фото: ашық дереккөз
Бүгін ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сұйытылған мұнай газына қатысты жағдай бойынша брифинг өткізді.

Бүгін ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сұйытылған мұнай газына қатысты жағдай бойынша брифинг өткізді.

Министр брифинг барысында жалпы ел және Маңғыстау облысы бойынша сұйытылған мұнай газға қатысты жағдайды баяндай келе,  Қазақстан ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін сұйытылған газдың жеткілікті ресурстарына ие және газ бойынша нетто-экспорттаушы екенін айтты.

«Жергілікті тұтынушыларды қолдау үшін газдың бағасы реттелді және тоннасына отыз сегіз (38) мың теңге (100 АҚШ долларынан төмен) деңгейінде белгіленді. Яғни, экспорттық бағадан 5-6 есе төмен (шамамен $500 доллар)./ тн). Бұл ретте Қазақ Газ Өндеу зауытында сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына шамамен 100 мың теңгені құрайды. Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы өңірдеге ең төмен баға. Сәйкесінше, төмен деңгейдегі баға газ өндірісін ұлғайтуды ынталандырмайды», - деді ол. 

Оның мәліметінше, 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін бір де төрт (1,4) млн. тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді.  2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну  бір де алты (1,6) млн. тоннаға дейін өсті. 

«Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Ал тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соғуда.  Ағымдағы жағдайда осы шикізатты өндіруді кеңейту үшін қандай да бір инвестициялық тартымдылық жоқ. Бұл тұтынудың тұрақты өсуі аясында тапшылыққа алып келді. Ол, әсіресе 2021 жылы күшейді. Себебі 2019 жылдан бері сұйытылған газға өткізілген автокөліктер саны биыл шамамен 2 есеге өсті (2019 ж. – 139 990 бірлік, 2021 жылы – 313 373 бірлік)», - деді министр.

Әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Бензин бағасының жетпіс (70%) пайызын құрайды. Мысалы ретінде, АИ-92 маркалы бензиннің құны литріне жүз сексен екі (182) теңге болған кезде газдың нарықтық құны шамамен литріне жүз жиырма жеті (127) теңгені құрауы тиіс. 

Мағзұм Мырзағалиев биржалық сауда туралы баяндай отырып, 2017 жылы Энергетика министрлігі Орта мерзімді перспективада газдың мүмкін болатын тапшылығын болжағанын жеткізді. 

«Бұған себеп ретінде газдың өте төмен бағасы, тұтынудың белсенді өсуі және өндірісті одан әрі дамыту мүмкіндігі болмауын келтіруге болады. Осыған байланысты сұйытылған газ нарығын біртіндеп либерализациялау туралы шешім қабылданды. Бұл үшін 2018 жылы «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына газды электрондық сауда алаңдары арқылы саудалауға 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен өтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Үш жылдың ішінде (2019-2021жж.) бес пайыздық саудадан бастап электрондық сауда алаңдары арқылы өткізілетін сұйытылған газ көлемдері ұлғайды және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Заңға сәйкес газ саудасының тауарлық биржалар арқылы толық, яғни жүз пайызға өтті», - деді ол. 

Газды электрондық сауда арқылы өткізу нарықтың барлық қатысушылары үшін тең және кемсітпеушілік шарттарды жасайды. Сонымен қатар, газдын қажетті көлемдерін тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік береді. 

«Осы шаралардың арқасында ҚазМұнайГаз Жаңаөзен қаласындағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысына инвестиция салуға шешім қабылдады. Жоғарыда айтқанымдай, төмен бағалар қалса тұтынудың едәуір өсуі өндіруші зауыттар үшін осы шикізатты өндірудің тартымсыздығына алып келді. Кейіннен осы саланың ықтимал жоғалуына әкелуі мүмкін еді. Сонымен бірге көрші елдерде газ бағасы айтарлықтай жоғары. Тиісті бақылаушы органдар ішкі нарықтың қажеттіліктеріне карастырылған газды заңсыз елдің сыртына алып шығудың көптеген фактілерін тіркеді», - деді ол. 

Министр сөз барысында Маңғыстау облысындағы жағдайға да тоқталды. 

«Маңғыстау облысының ай сайынғы тұтынуы 18 мың тоннаны құрайды, бұл «ҚазГөз» ЖШС – 14,5 мың тонна, «Атырау МӨЗ» ЖШС – 3,5 мың тонна есебінен өтеледі. Бұл ретте шамамен автокөліктердің 90%-ы газды отын ретінде пайдаланады. 2021 жылғы 20-25 желтоқсанда өткізілген сауда қорытындысы бойынша АГТС үшін сатып алу бағасы: •    ҚазГӨЗ – тоннасына 130 684 теңге немесе литріне 77 теңге; •    АМӨЗ –  тоннасына 109 872 теңге немесе литріне 65 теңге. Логистикалық шығындарды ескере отырып, Маңғыстау облысының АГТС-тері үшін газдың өзіндік құны тоннасына 136 723 теңге немесе литріне 80 теңге шегінде қалыптасты. Маңғыстау облысындағы ағымдағы бөлшек бағасы литріне 100-ден 120 теңгені құрайды. Сәйкесінше, АГТС маржасы литріне 20-40 теңгені немесе 25-50%-ді құрады. Бұл бізге АГТС арасында мүмкін болатын баға алыпсатарлықтары туралы болжам жасауға негіз береді», - деді ол. 

Министр бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі автогаз толтыру станцияларының иелеріне қатысты бағалық сөз байласу мәніне тергеуді бастағанын айтты.

«Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының автогаз толтыру станцияларының иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120-дан 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады.  Ұзақ мерзімді баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және баға дәліздерін белгілеу жолымен газ бағасының алыпсатарлық секірулеріне жол бермеу жөніндегі жүйелі шаралар іске асырылатын болады», - деп толықтырды министр.        Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.