15.01.2022, 19:36

Алматылық волонтерлер өртенген әкімдік ғимаратын тазалауға көмектесіп жатыр

Фото: ҚазАқпарат
Қалпына келтіру жұмыстары шамамен 5-6 айға созылады.

Алматы әкімдігі ғимаратын өрттен кейінгі тазарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін көмекке қаланың волонтерлері келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

HAQ қоғамдық қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның айтуынша, сенбілікке түрлі ұйымдардан 150-ден астам ерікті жұмылдырылды. 

«Атап айтар болсам, «Қызыл крест», «Жансая Әбдімәлік шахмат академиясы», Lider.kz, HAQ қоғамдық қозғалысы, «Narkostop», «Jas Otan» жастар қанатының мүшелері, сондай-ақ каскадерлар мен Алматы қаласының қамқор азаматтары жұмылдырылды. Олардың барлығы алдын ала жазылды, бізде тізім бар. Олар өз еркімен келді, қаланы қалпына келтіруге үлес қосқысы келеді. Көбінесе жастар. Бұл өте қуантады. Біз әкімдік ғимаратының үшінші қабатын тазалап жатырмыз», - дейді Тоғжан Қожалиева. 

Спикердің сөзінше, басты мақсат – күшіміз бірлікте екенін көрсету.

«Біз елімізге, сүйікті қаламызға көмектескіміз келеді», - деп қосты ол. Айта кетейік, 13 қаңтарда өрттен кейін әкімдік ғимаратын тазарту жұмыстары басталды. Оған шамамен 660 адам жұмылдырылды. Қираған жиһаз, кеңсе техникасы, қоқыс жиналып, кәдеге жарату үшін полигондарға шығарылады.

Бұған дейін ҚазАқпарат тілшілері өртенген қала әкімдігінің ғимаратында болып, нысанның сырты мен ішін көрсеткен болатын. 

Жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев өрттен зардап шеккен қалалық әкімдік ғимараты қашан қалыпқа келтірілетінін айтты. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ғимарат ішінде өрт салдарынан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған шамамен екі-үш күн кетеді. Жұмыс көлемі өте үлкен. Алдағы уақытта оны 100 пайыз қайта қалпына келтіреміз. Техникалық тексеру жүргізіледі. Оған тағы 10 күн кетеді. Осыдан кейін мамандар ғимаратты қалпына келтіру бойынша жобалау-смета құжаттамасын әзірлейді. 

Қалпына келтіру жұмыстары шамамен 5-6 айға созылады. Бюджет әлі анықталған жоқ.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.