Қазақ тарихында «Қасыретті қаңтар» деген атауға ие болып үлгерген қаралы оқиғалар 225 адамның өмірін қиып кетті. «Елдегі лаңкестік пен тәртіпсіздіктің салдарынан 225 адам көз жұмды. Оның 19-ы құқық қорғау қызметкерлері», - деп атап өтті Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев. Бас прокуратура өкілінің айтуынша, қайтыс болғандардың дені теракті кезінде қолына қару ұстап, елдің тыныштығын қарақшылар мен лаңкестер. Лаңкестердің көбісі қаңтардың 5-інен 6-ына қараған түні полиция бөлімшелері мен блокпосттарға шабуыл жасау кезінде жойылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Төтенше жағдай кезінде қаза тапқан 225 адам мәйітханаларға жеткізілді. Олардың бір бөлігі терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция және әскер қызметкері бар», - деді ол ОКҚ брифингінде.
Жаппай тәртіпсіздіктер барысында бір ғана Алматы қаласының өзінде 149 адамның көз жұмғаны белгілі болып отыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұдан бөлек тағы құқық қорғау органдарынан 11 қызметкер қаза тапқан. «Қарулы қақтығыс пен шабуылдар кезінде 149 адамның қайтыс болғаны өкінішті. Олардың басым бөлігі - қарақшылар мен лаңкестер, сондай-ақ олардың арасында лаңкестер қолынан қаза тапқан бейбіт тұрғындар да бар», - дейді Алматы полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.
Бас прокуратураның хабарлауынша, 6 қаңтарға дейін полиция атыс қаруын қолданбаған. Тек бейбіт жолмен террорлық қауіптің алдын алу мүмкін болмай бара жатқан кезде ғана қарулы қарсылық білдіруге тура келген.
«6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция жүргізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады», - дейді Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің жетекшісі Серік Шалабаев.
Ең сорақысы Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде лаңкестер арасында снайпер болған. Сонымен қатар, қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бейберекет оқ жаудырған.
«Қарулы қылмыскерлер қала көшелерінде бейберекет оқ жаудырып, кедейсоқ өтіп бара адамдарды, дүкендегі сатып алушылар мен көлікті беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді», - деді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, Полиция департаментінің ғимаратын басып алуға лаңкестер 27 рет әрекет жасаған. Әрі осы мақсаттарына жету үшін лаңкестер бейбіт тұрғындарды қалқан ретінде пайдаланған. Алматының бас прокуроры Берік Жүйріктаевтың айтуынша, құқық қорғау органдары басында алаңда жүрген жұрттың барлығын наразылық білдірушілер деп ойлап, олар қандай бұзақылықққа барса да қауіпсіздік күштері қару қолданбаған. Яғни ол аңшылық дүкендерді ұйымдасқан түрде басып алғанын, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасау, бейбіт тұрғындарды қорқыту және террористік шабуылдарды жалғастыру үшін қару-жарақтар бар полиция ғимаратына шабуыл жасай бастағанда ғана қарсы қару қолдану шаралары басталған. Жүйріктаевтың айтуынша, 5 қаңтардан бастап қалада тек бандиттер мен террористер ғана болған.
Расын айту керек, күтпеген жерден бұрқ ете қалған бұл қанды оқиға бүтіндей бір елдің қауіпсіздігіне сызат түсіріп кетті. Бейбіт негізде басталған шерушілердің заңды талаптарын өз пайдасына асырғысы келген лаңкестер айрандай ұйып отырған мемлекеттің тыныштығын шайқап жібере жаздады. Белгілі саясаткер Марат Бәшімовтың айтуынша, экстремистер жұртты үлкен үрейге бөліп кеткен. Әрі мұның салдары ұзаққа бармақ.
«Мұндай жағдай біздің тарихымызда бірінші рет орын алып отыр. Ешкімнің ешкімнен жауапкершілігі төмен болмауы керек. Бейбіт шерулер жалпы, әскери тұрғыдан қиын мәселе. Сағат 22:00-ден кейін әрбір азамат кез келген жерде тыныштық сақталуы керегін білуі шарт. Үйде де, түзде де. Ал, түннің бір уақытында далаға шығып, айналаны шағып жатса, мұның қай жері бейбіт шеру? Мұндай дүниемен мен келіспеймін. Кейбірі жауапкершіліктен кетіп қалғысы келеді, бұл дұрыс емес. Ал, өздерінің нақты пікірімен шығып, түбі мынадай болып кетерін білмегендерді жауапқа тартпау керек. Осындай мәселелерге акцент беру керек.
Жалпы, қаза тапқандардың басым көпшілігі әкімшілік ғимараттар мен әскери нысандарға шабуыл жасаған лаңкестік топтардың мүшелері, сондай-ақ оларға қосылған, сындыру, тонау және қауіпсіздік органдары қызметкерлеріне шабуыл жасаумен айналысқан қылмыстық элементтер», - дейді ол.
Сонымен қатар ол бейбіт тұрғындардың өлімі лаңкестердің алдын-ала дайындаған қанды жоспарлы ісі екенін айтады.
«Бейбіт тұрғындардың шығыны да лаңкестердің дайындаған жоспарының бір бөлігі. Бұл көптеген лаңкестік шабуылдарда сыналған, әбден қалыптасқан схема бойынша жүргізілген жұмыс. Яғни, шабуылдаушылар қала көшелерінде бей-берекет оқ жаудырып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды, сатып алушылар мен көліктерін беруден бас тартқан жүргізушілерді өлтірді. Осылайша, экстремистер қала тұрғындарына үрейлендіріп қойды.
Террористердің жұмыс методикасы сондай. Бұл бүкіл әлемде бірдей. Олардың барлық жерде айтатыны: ең алдымен, құқық қорғау органдары қызметкерлерін басып аламыз, коммуникация шығарамыз, хаос жасаймыз, билікке деген сенімсіздік отын жағамыз.
Ең қиыны, ұлттық қауіпсіздік комитетінде оларға көмектескен сатқындар болған, ақпарат алып отырған. Оны мойындау керек. Себебі, олар ІІМ білмейтін нәрсені біліп отырды. Сондықтан, бұл мәселеге қатысты Президенттің шешімі дұрыс шешім болды», - дейді Марат Бәшімов.
Сол секілді Сенат депутаты Динар Нөкетаева адам өмірін опасыздықпен қиған содырлар әділ жазасын алуға тиіс екенін айтады.
«Өкінішті. Бейбіт негізде басталған шерушілердің заңды талаптарын өз пайдасына асырғысы келген лаңкестер, ұры-қарылар ел ортасына лаң салды. Еліміздің Тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихына қара дақ түсірді. Бейқам жатқан халықтың арасына дүрбелең салды. Қаншама отбасы ауыр жағдайға душар болды. Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылардың көлдей болған көз жасы, жалғызын жерлеп аңыраған ата-аналардың қарс айрылған жүрегіне дауа болар қандай ем бар?! Террорлық шабуылдан қираған, өртенген стратегиялық маңызы бар ғимараттар, көліктер, тоналған сауда-саттық орталықтары. Осындай орасан зардап шеккен ел. Бұнын бәрінің орыны толар, бірақ, адам өмірін опасыздықпен қиған содырлар әділ жазасын алуға тиіс», - дейді сенатор.