$ 449.3  489.69  4.89

«Энергетика министрлігі біздің ұсынысымызды газ бағасы 2 есе қымбаттағанда ғана ескерді» - Серік Жұманғарин

Сұйытылған мұнай газының саудасы мамандандырылған электрондық алаңда жүрді.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы басым тауар мен жетекші қуат көздерін мамандандырылған электронды алаңда сатудың тәуекелдері көп екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік төрағасы Facebook-тегі парақшасында жыл басында сұйытылған газ бағасы қалай ырық бермей кеткенін түсіндіруге тырысты.

«Сұйытылған мұнай газының саудасы мамандандырылған электрондық алаңда жүрді. Энергетика министрлігі сұйытылған газ саудасының жекелеген қағидаларын әзірледі. Бұл ретте отын-энергетика кешенінің басқа да тауарлары, мысалы, бензин, дизель отыны, авиакеросин және көмір биржалық тауарлар тізбесіне енгізілді. Осы тауар позициялары бойынша биржалық сауда-саттықты алдын ала өткізу үшін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан мемлекеттік органдар, нарық субъектілері және инфрақұрылымдық ұйымдар өкілдерінен тұратын биржалық комитет, консультативтік-кеңесші орган құрылды», - деп еске алады агенттік басшысы.

Серік Жұманғариннің айтуынша, сұйытылған газ арнайы электрондық сауда алаңында сатылғандықтан, ол күрт қымбаттаған кезде сауданы уақытша тоқтаты тұру мүмкін болмаған.

Өйткені Энергетика министрлігі арнайы электронды сауда алаңының ережесін әзірлеген кезде мұндай тетіктің қажеттігін ескермеген.

«Биржалық тауарлар саудасының секциялық ережесінің басты ерекшелігінің бірі – биржалық комитет қолайсыз сыртқы және ішкі жағдайларда сауда-саттықты тоқтата тұруға құқылы. Мысалы, былтыр екінші тоқсанда мұнай өңдеу зауытынын жұмысын тоқтату салдарынан отын тапшылығы пайда болған кезде мұнай өнімдерінің саудасы 2 айға уақытша тоқтатылды. Маусым айында көмірдің биржалық сауда-саттығы тәртіпке сай өтпегеніне байланысты уақытша тоқтатылып, шілде айында қайта басталды. Сондай-ақ сауда сессиясында бағаның өзгеруінің ықтимал дәлізін + / - 2% деңгейінде бекіту туралы шешім қабылданды. Бұл сауда-саттықта бағаның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді», - дейді агенттік төрағасы.

Ал Энергетика министрлігі әзірлеген сұйытылған газды сататын электронды сауда алаңының жұмыс ережесінде мұндай тетіктер болмаған.

«Сұйытылған газды сату ережелерінің биржалық саудадан кейбір айырмашылықтары болды. Мысалы, бағаның өзгеру дәлізі + / -10% аралығында ауытқыды. Оның үстіне баға шектен тыс өскен жағдайда сауда-саттықты тоқтата тұру құқығы сияқты құралдар болған жоқ.

Мамандандырылған сауда алаңының барлық кемшіліктері нарық қатысушыларының наразылығына әкелді. Агенттік Энергетика министрлігіне сұйытылған мұнай газын сату ережелерін өзгерту бойынша ұсыныстар пакетін жіберді. Агенттік ұсынған түзетулер желтоқсан айында, сауда-саттықтағы баға жылдың басымен салыстырғанда 2 есе өске кезде барып қабылданды.

Тұтастай алғанда, қандай да бір тауар үшін жекелеген мамандандырылған сауда алаңдарын құрудың орынсыздығын агенттік пен Энергетика министрлігі биржалық сауданы дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын әзірлеу барысында ескерді», - деп түсіндірді Серік Жұманғарин.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары