$ 443.85  474.3  4.8

«Түбегейлі өзгеріс қажет»: Тоқаев «қасіретті қаңтар» оқиғасынан сабақ алу керек екенін атап өтті

Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты.

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI Съезінде Мемлекет басшысы Қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екенін атап өтті.

«Қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Осы ретте, азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар айрықша рөл атқарады», - деп атап өтті Тоқаев.

Сонымен қатар ол қаңтар айындағы оқиғаларға тоқталды. 

«Өздеріңізге мәлім, қаңтар айының басында халқымыз қайғылы оқиғаларды бастан өткерді. Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты.

Біз шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық.

Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар Президент бұдан былай мұндай бассыздыққа жол берілмейтінін атап өтті. 

«Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз. Халқымыз бірлігінің арқасында осы сын-қатерге төтеп берді. Қазір алдымызда барлық саланы қайта жаңғырту міндеті тұр. Бұл – мемлекеттік аппаратты ғана жаңарту деген сөз емес», - деді мемлекет басшысы. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары