$ 444.22  476.38  4.82

«30-жыл мемлекетті басқарған топ саяси аренадан кетті» - Ерлан Сайыров

Ондай ауысу болмаса, саяси организм тұрып қалған су тәрізді «борсып» кетеді.

Кеше өткен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі туралы мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Facebook парақшасында пікір білдірді.

«Бұл Қазақстанның саяси тарихындағы аса маңызды тарихи оқиға болды. Тек қана партияның басшылығы ауысқан жоқ, елімізде саяси бағыт-бағдар ауысты.Дәлірек айтсақ, 30-жыл мемлекетті басқарған топ саяси аренадан кетті. Жалпы, біз министрлердің ауысуы, партияның басшылығының ауысуы жөнінде айтқанда одан ешқандай сенсация жасаудың қажеті жоқ.Адамның табиғаты сол- біреу келеді, біреу кетеді. Дәл сол сияқты саясатта да топтар ауысып тұруы қажет. Ондай ауысу болмаса, саяси организм тұрып қалған су тәрізді «борсып кетеді».Судың өзі «өлі суға» айналады.», - деп жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сонымен қатар, мәжіліс депутаты 2004-жылға дейінгі Қазақстан мемлекетінің шекарасын бекіту, Елорданы көшіру, еліміздегі экономикалық реформаларды жасаудағы Елбасының атқарған қызметі мен еңбегін де атап өтті.

«Бұл мемлекетіміздің бұғанасының қатаюы, шаңырағының мығым болуына қосылған ерекше үлес! Бірақ, медальдың екінші жағы да бар. Еліміздің бүкіл халық болып жасаған экономикалық игіліктерін жекеленген топтардың еншісіне беріп қойған, халық аш-жалаңаш отырғанда сол халықтық меншікті «өздеріне бөле-жара» аударып алғанда осы топ. Кешегі, «Азаттық» радиосы көрсеткен, Алатаудың бөктеріндегі қаншама гектарға салынған зәулім сарайларды барлығымыз көрдік. «Недеген асқандық» деп жағамызды ұстадық.
Ал қаншама біздің 10- мыңдаған қаракөз, туған-туыс, ағайындарымыз қалада өзінің Конституциямен бекітілген 10-сотық жерлерін ала алмай, зар қақсап жүр. Қаңтарда көшеге шыққан, сол ауылдан қалаға келіп, 10-сотық жерге ие бола алмаған өзіміздің туған-туыстарымыз. Теңсіздік дегеніміз осы. «Әлеуметтік контраст қоғамдық алауыздықтың катализаторы» дегеніміз осы. «Досың жылатып айтады», бұл шындықты біз айтуға дәтіміз жетуі тиіс.Бұл бүгінгі өмір шындығы», - деді депутат.

Ерлан Сайыров мемлекетте әлеуметтік әділеттілік принциптерді орнықтырып, ауыл жастарының білімін арттырып, оларға «әлеуметтік лифт» қалыптастырудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жүріс-тұрыстарының логикасын да қарастырып, мемлекеттілікті сақтап қалу үшін өзгерістерді бақылаудан шығармау керектігін атап өтті.

«Мемлекеттіліктен айырылып қалу бір ғана мезет екендігін «қайғылы қаңтар» көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия Төрағасы лауазымына келуінің өзі осы логикаға байланысты. Яғни, «Nur Otan» ның Парламенттегі Фракциясын пайдаланып, Үкіметке ықпалын күшейте отырып тезірек, эономикалық эффектіге жету», - деді мәжіліс депутаты. 

Бүгінгі қым-қиғашы көп заманда Тәуелсіздіктен айрылып қалу оңай, мемлекеттілікті қалпына келтіру мүмкін болмайды. Тәуелсіз мемлекетті сақтап, оның бұғанасын ныңғайту әр-бір азаматтың парызы екенін еске салды.

«Ол үшін мемлекет азаматтардың алдында өзінің міндеттемелерін орындауға қабілетті, адамның өмірінің әлеуметтік стандарттарын арттыруға мүдделі болуы тиіс.Ал азаматтар заң мен тәртіпті сақтауға құлқы жетіп, өзара алакөздіктен ада болып, ашу-ызаға ырық бермеу керек.Ынтымақ, Ықпалдастық, Жасампаздық- басты игіліктеріміз болсын!Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз арта берсін!», - деді Ерлан Сайыров.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары