«ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма басшысы Мұхтар Жәкішев қайтадан ұлттық компания басқаруға немесе кеңесші лауазымына шақыру мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді.
Арманжан Байтасовтың YouTube арнасы берген сұхбатында Мұхтар Жәкішев саясатқа бір ғана талабы орындалса, қайтып келетіні туралы айтты.
– Тек бір жағдайда… Егер менің жұмысым реформаларға қызмет ететін болса ғана келемін. Егер мені қоғамды тыныштандыруға шақырса, сенетін адамның символы және т.б. Егер менің шақыруымның осындай себебі болса – онда жоқ. Мен мүлдем келіспеймін. Менде жалғыз ғана нәрсе бар – менің білімім мен беделім.
Мен жұмыс істегенсіп отыру үшін немесе қандай да бір лауазым алу үшін білімім мен беделімді салғым келмейді. Мені лауазым қызықтырмайды. Ешқашан қызықтырмаған. Қазір тіпті де қызықтырмайды. Егер елдің игілігі үшін істелетін жұмыс болса, егер ол реформалауға әкелетін болса – мен дайынмын. Бірақ бос сөз болса, мен оған уақыт жұмсамағым келмейді, – деді Мұхтар Жәкішев.
Сонымен қатар, реформа жүргізу үшін команда керек екенін атап өтті.
– Әрине, команда қажет. Себебі бір адам бәрін қадағалай алмайды. Жауапкершілікті бөлу қажет. Авторитарлық жүйелерде өз артықшылықтары бар. Саакашвили айтқандай «реформалар – тез бұзылатын тауар». Авторитарлық елдерде реформалар жасау әлдеқайда оңай. Келісу қажет елдерге қарағанда оңай. Маған Украинада жұмыс істеген кезде Марғұланның (Сейсембай) сөзі ұнады. Ол өзі үшін: «үстемдік, биліктің авторотоизмі немесе заңның автороторизмі қажет» деген тұжырым жасады. Екеуі де Украинада жоқ. Президенттің реформаларды жасауда билігі жоқ және бұны парламент арқылы қажетті мерзімде істеу үшін заңның үстемдігі жоқ.
Біздің жағдайымызда президенттің қолында орасан зор билік шоғырланғанын білеміз. Реформаларды жүргізу тұрғысынан бұл үлкен плюс. Күніне 50 жарлыққа қол қойып, елді өзгертуге болады. Тек бір сұрақ туындайды. Қандай жарлықтарға қол қою керек және жауапкершілікті кімге беру керек?, – деп түйіндеді Жәкішев.
Еске салсақ, 2020 жылы 3 наурызда Семей қаласының қылмыстық соты «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Бас бостандығынан айыру орындарында ол 11 жыл болды.
2009 жылдан бастап Жәкішев пен оның жақтастары сыбайлас жемқорлық айыптары бойынша 14 жылға бас бостандығынан айрылды.
Кейбір қазақстандық құқық қорғаушылардың пікірінше, Жәкішев 2009 жылы Қазақстаннан кеткен бұрынғы банкир және қазақстандық биліктің сыншысы Мұхтар Әбіләзовпен достық қарым-қатынасы үшін қылмыстық қудалауға ұшырады.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.