Елорда әкімдігі Үлкен және Кіші Талдыкөлде экопарк ашылатынын, осы мақсатта 1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінгенін хабарлады.
«Кіші Талдыкөлдің су балансын сақтай және толықтыра отырып, рекреациялық аймақ құру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», - делінген әкімдік хабарламасында.
Е-10 көшесі, «Зеленый квартал» тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы Кіші Талдыкөлдегі экопарк жобасы абаттандырылып, су қоймасының бойында судың табиғи сүзілуін және қажетті экожүйені құруға мүмкіндік беретін тастан жасалған жағалау болады. Сондай-ақ су деңгейін сақтап әрі оттегімен біркелкі қанықтыру үшін биодренаждық жүйені ұйымдастыру және су айдынын аэрациялау көзделіп отыр екен.
Әкімдіктің мәліметінше, серуендеу үшін де арнайы инфрақұрылым жасалады: жағалаудағы сулы-батпақты жерлерде террассалық жағалау сақталады және флора мен фаунасы бар экоклимат үшін жағдай жасалады.
Үлкен Талдыкөлдің де экологиялық инфрақұрылымы болады. Көл жанында қорық және орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.