08.02.2022, 12:12

Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленіп жатыр

Фото: azattyq-ruhy.kz
Елімізде 700 мың адамды жұмыспен қамту үшін қажетті жағдай жасалады

Үкімет халықтың табысын арттыру бағдарламасы дайындап жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайлылов Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.  

Елімізде 700 мың адамды жұмыспен қамту үшін  қажетті жағдай жасалады.  

«Іскерлік бастамаларды жүзеге асыру аясында жастардың 20 мың өкілі мен  халықтың осал топтарына арналған гранттар мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 2 есеге ұлғайтылады. Отандық кадрларды, әсіресе жастарды жұмысқа орналастыру басымдығын ескере отырып, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі өзгертілетін болады», - деді Премьер-министр өз баяндамасында. 

Салауатты өмір салтын насихаттау үшін  спорттық инфрақұрылымды дамыту жалғасады және мемлекеттік спорт тапсырысты қаржыландыру көлемі ұлғаяды. Өңірлерде, оның ішінде ауылдық жерлерде 35 мәдениет объектісі салынып, 265 нысан жөнделеді. 

«Жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында жыл сайын 25 мың адамды қамти отырып, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысу ұзақтығы мен  еңбекақы төлеу ұлғайтылатын болады. Жеке компанияларда  жас мамандар үшін  тағылымдамалар ұйымдастыру жоспарлануда. Жастар ресурстық орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар мен спорттық федерациялар жанынан спорттық жастар клубтары құрылады», - деді Әлихан Смайылов.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.