22.02.2022, 22:00

Жанболат Мамай елдегі оппозиция өкілдерінің бірігетінін хабарлады

Фото: ашық дереккөзден
Бұдан былай біз бір тудың астына жиналып, «Біріккен қазақ оппозициясының» атынан әрекет етеміз.

Сейсенбі күні тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай біріккен оппозиция құрылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ел патриоттарын одаққа қосылуға шақырды. Бұл мәлімдеме Демократиялық партия жетекшісінің Facebook парақшасында жарияланған, деп хабарлайды orda.kz.

Мамай қаңтар оқиғасы кезінде оппозицияда билікке талап қоятын өкілді орган болмағанын мәлімдеді. Айтуынша, біртұтас орталық құру қажеттігі көптен бері көтеріліп келеді.

– Қаңтар қырғыны тұсында жүздеген адам ешбір тергеу мен сотсыз атылды, түрмеге қамалды және адам айтқысыз азаптауға ұшырады. Өкінішке қарай, дәл сол кезде наразылықты басқара алатын халықтың өкілетті органы және режим оппоненттерін біріктіре алатын ұйымы болған жоқ. Нақты талаптарды қоятын және халықты ерте алатын үйлестіру орталығы немесе оппозициялық күштердің біріккен кеңесі болмады. Оппозициялық күштер бас біріктіруі тиіс дегенді халық көптен айтып жүр. Демократиялық күштердің біріккен орталығының қажеттілігі де сөзсіз. Қаңтардың басынан біз, Қазақстан демократиялық оппозициясының өкілдері, өзара келіссөздер жүргізіп, біраз ақылдастық. Көп мәселені талқыладық. Қоғамды жік-жікке бөлу үшін билік осы аралықта өздерін «оппозиция» қатарына жатқызғысы келетін түрлі сайқымазақтарды шығарып, бірнеше ұйымды құрып үлгерді. Енді біз бас біріктіріп, белсенді әрекетке көшпесек, бұл ұлттық мүддеге қарсы әрекет бола ма деп қауіптенеміз. Сондықтан, біз, Қазақстанның демократиялық оппозициясының өкілдері, бірігудің басталғанын мәлімдейміз. Бұдан былай біз бір тудың астына жиналып, «Біріккен қазақ оппозициясының» атынан әрекет етеміз, – деп жазды ол.

Мамайдың айтуынша, біріккен оппозицияда көшбасшы болмайды, қосылғандар әрқайсысы өз қозғалысының аясында әрекет етеді.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.