«Инсайдер» агенттігінің шеф-редакторы Тимур Олевский «Дождь» арнасына берген сұхбатында Украина мен Ресей әскері арасындағы соғыс әрекеттері жайлы соңғы мәліметтерді айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, Украинаның әскери инфрақұрылымдарына бұл күнде зор шығын келтірілген. Елдегі бірнеше қалада әуежайлар өртеніп жатыр.
«Владимир Путин болған оқиғаны жай ғана «әскери операцияларға» теңеп, шындықты айтып отырған жоқ. Бұл күнде нағыз соғыс басталып кетті. Ресей армиясы Беларусь жақтан жақындап, Донбас аумағындағы Украина әскерін Батыстан келетін көмектен үзіп, араларын ажыратуды ойлап отыр. Осылайша, Донбастағы украиналық әскерилерді жан-жағынан қоршау амалдары жүргізіліп жатыр. Дәл сол жерде шайқас қызып тұр», - деді ол.
Тимур Олевскийдің айтуынша, Луганск облысындағы Счастьениск ауылы бірнеше рет екі жақтың қолына кезек-кезек өткен. Соңғы деректерге қарағанда, ауыл толығымен Украина әскерінің қарауына алынған. Мариупольдағы бейбіт тұрғындар қала маңында кескілескен шайқас жүріп жатқанын айтқан.
«Ресей әскерінің шығыны едәуір баршылық. Оны Ресейдің қорғаныс министрлігі жоққа шығара алмайды. Өйткені Украина – Сирия емес. Мұнда бәрінің қолында ұялы телефон бар. Қазірге дейін Ресейдің 6 ұшағы мен 1 тікұшағы атып түсірілгені хабарланады. Бірақ бұл ақпарат та нақты емес. Украина әскерінің ресейлік танк колоннасына келтірген шығыны туралы айтылып жатыр. Соғыс болып жатқаннан кейін танктер өртенеді, әлбетте! Бәрі де түсінікті: екі жақтан да танктер өртеніп, адамдар өліп жатыр. Майданда болып жатқан оқиғалар – «еттартқышта тартылып жатқан етке» ұқсайды», - дейді ол.
Журналист сонымен қатар Украина халқының қазіргі жағдайы туралы да сөз қозғады.
«Украина берілмейтінін көрсетіп жатыр. Ешкім елден қашып, дүрлігіп жатқан жоқ. Армия мен армияның ресми тұлғалары халықпен тығыз байланыста», - дейді ол.