Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина мен Ресей арасында болып жатқан соғысқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан екі елді татуластыру үшін арағайын бола алады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Айтып отырған сөздерімнің бәрінің Украинада болып жатқан жағдай аясында маңызы арта түседі. Біздің позиция еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау тұрғысынан ғана көрінуі керек. 2010 жылы ЕЫҚҰ саммитін өткізген ел ретінде біз Еуразиялық бөлінбеу қағидатын сақтау жөн деп есептейміз. Бұл туралы мен 10 ақпанда Мәскеуге барған кезімде де айттым», - деді Тоқаев Нұр Отан партиясының съезінде.
Президенттің айтуынша, бөлінбеу қағидаты өзара сенім негізінде өзара түсіністікті қажет етеді.
«Өкінішке қарай, мұның бәрі болған жоқ. Минск келісімі қағаз жүзінде ғана қалды. Осының бәрі Украина аумағындағы әскери қақтығыстарға алып келді. Геосаяси жағдай жоғары деңгейде ушығып кетті. Тенденция солай байқалады. Сол себепті екі мемлекетті ортақ тіл табысуға шақырамыз. Келіссөздер үстелінде келісімге келу керек. Қалай десек те қақтығыстың түрі де бейбітшілікке жетпейді. Бейбітшіліксіз даму болмайды. Қазақстан өз тарапынан жан-жақты қолдауға, оның ішінде екі елдің арасында арағайын болуға дайын. Әлбетте, арағайындығымыз керек болса...» - деді ол.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.