$ 498.34  519.72  4.85

Үкімет Украинадағы жағдайға байланысты үш сценарий әзірледі

Бұл – жабық жоспар. Себебі дағдарысқа қарсы жоспар болып саналады.
tengrinews.kz
tengrinews.kz

Қазақстан үкіметі Украинадағы жағдайға байланысты ел экономикасын дамыту бойынша үш сценарий әзірледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ұлттық банк пен үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды қабылдады. Қазіргі кезде оны шұғыл түрде іске асырып жатыр. Бірнеше сценарий бар. Олар – негативті, базалық және оптимистік", - деді Қуантыров журналистерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, жоспарды әзірленгенде барлық сценарий қарастырылады. Мәселен бюджет жоспарын жасағанда тура солай үш сценарий ескеріледі. Алайда министр Украинадағы жағдайға байланысты нақты қандай сценарийлер жоспарға енгізілгенін айтпады.

"Бұл – жабық жоспар. Себебі дағдарысқа қарсы жоспар болып саналады. Бірлескен жоспар... Оны әлі де жетілдіреді. Детальдарын кейінірек тағы айтамыз. Бірақ негізгі шараларын айттық", - деп атап өтті Қуантыров.

Осы орайда министр сценарийлерді жариялмаудың себебін түсіндірді.

"Қазір негативті сценарийлерді жариялаудың қажеті қанша? Оны алып-сатарлар пайдаланып кетуі мүмкін. Біздің нарықта ондайлар бар. Олар қандай да бір сценарийді естіп алады да, теңге бағамына кері әсер ететін әрекет жасайды. Сол себепті негативті сценарийді жарияламаған дұрыс. Ең бастысы, үкімет мен ұлттық банк барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Біз өз экономикамызды және азаматтарымызды қорғап отырмыз", - дейді министр.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы жағдай Украинадағы ахуалға байланысты болады.

"Ол жақта өтіп жатқан келіссөздерге байланысты болады. Украина мен Ресей арасындағы жағдай ұшыға берсе, экономикаға қатты салмақ түседі. Ал неғұрлым тезірек шешілсе, өңірдегі елдердің зардап шегуі де соғұрлым аз болады", - дейді Қуантыров.

Дағдарысқа қарсы жоспар

25 ақпанда Қазақстан үкіметі ұлттық банкпен бірлесіп Украинадағы оқиғаларға байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыруға кіріскенін мәлімдеді. Жоспар үш бағытта іске асырылады. Олар:

инфляцияны бақылау және валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау;

жұмыспен қамтуды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру;

кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шаралар.

Мәселен, қаржы нарығының тұрақтылығын және теңгемен ашылған депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен сыйақы төленеді. Осылайша теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы іске асырылады.

Ал халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін іске асыру бойынша ең алдымен ауылдық елді мекендерге, моно- және шағын қалаларға, елорда мен республикалық маңызы бар қалалар төңірегіне баса назар аударылады.

Ол үшін биыл "Ауыл – Ел бесігі" жобасы, Өңірлерді дамытудың кешенді жоспары және басқа да бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен 200 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді айналымға қосымша тарту арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамыту үшін жағдай жасалады.

Ал өндіріс саласында мемлекеттік қолдаудың негізгі бөлігі өнімділігі жоғары кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға және дамытуға арналады. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындарға өз жұмыскерлерінің еңбекақысын, соның ішінде еңбек өнімділігін ұлғайту бойынша нақты міндеттер қойылады.

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары