Кеше «Nur Otan» партиясының кезектен тыс 22-ші съезі өткені белгілі. Сарапшылардың пікірінше бұл жиынның маңызы мен орны ерекше болды. Себебі Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының Төрағасы Ерлан Қошанов партия атауын «AMANAT» деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл ұсынысқа қолдау білдірді. Әрине аталған өзгерістерге сарапшылар да оң бағасын беріп жатыр. Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, партияның бұдан былай «AMANAT» аталуы саяси ұйым жұмысына жаңа леп әкелмек.
«Партия атауының өзгеруі - модернизацияланған Жаңа Қазақстан құруға кіріскен партиямызға үлкен жауапкершілік артып отыр деуге болады. Неге «AMANAT» деп аталды? Тәуелсіздігіміз, алып жеріміз, тұтастығымыз – бабамыздан қалған аманат. Аманатқа қиянат жасамай, оны көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу керек. Ол – бас партияға артылған міндет. «AMANAT» партиясы бабалар мұрасын сақтап қалатын партия, мемлекеттік мүддені басты орынға қойып, халықтың игілігі үшін жұмыс істейтін партия болмақ. Халық арасында «Аманатқа қиянат жасалмайды» деген жақсы сөз бар. Ендеше, партияның мүшелері де қоғамға адал азаматтар деуге болады. Оларға халық үлкен аманат артқанын ұмытпайық.
Партия азаматтары халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектерін жіті назарда ұстауы қажет. Халық президенттің, партияның басты аманаты деуге болады. «AMANAT» партиясы халық үнін билік органдарына жеткізіп, түйткілді мәселелердің шешілуіне көмектесетін болады. Олай болса, жаңа атаудағы бас партия халық үніне құлақ асатын партия болмақ», - деп атап өтті Айдос Сарым Skifnews.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында.
Сарапшының айтуынша, мемлекет басшысы Тоқаевтың «Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды» деген сөзіне мән беру керек.
«Жаңа атаудағы партияның басты мақсаты – заман талабына сай қоғам талаптарын ескеріп, оған жауап беру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін президент Тоқаев айтқандай, білікті азаматтарды тарту қажет. Сайлаушылар халықпен, БАҚ-пен ашық болуы керек. Ашықтық саясатын жүргізу қажет. Әлеуметтік желілерде де белсенді болып, халық мұңына құлақ асатын уақыт келді. Партияға уақытын құр өткізетін емес, жұмыс істейтін адам керек. Білекті сыбанып, жұмысқа құлшынып тұрған адамдарға қолдау білдірейік.
Осылайша қоғамның жаңа талаптарына жауап беру де оңайырақ болмақ. Мәселе партияның атауында, емес, атқарылатын жұмыстың нәтижесінде. Партия атауының өзі де үлкен жүк артып отырғанын көрсетеді. Артында жатқан құндылықтар маңызды. Аманатқа қиянат жасамау керек. Атау өзгергенмен, құндылық еш өзгермейді», - деді сарапшы.