Алматыда ұсталған Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев Нұр-Сұлтанға жеткізілді.
«Боранбаев астанаға Қазақстанның құқық қорғау органдарына тағайындалған Як-42Д ұшағымен жақында ғана әкелінді», деп хабарлаған еді ҚазТАГ.
Осыдан шамалы бұрын кейбір телеграм-арналарда Боранбаевтың астанаға жеткізілген сәтінен видео жариялады. Видеодан кәсіпкердің кісендеулі күйде жеткізілгенін байқауға болады.
Еске сала кетейік, 15 наурызда хабарлағандай, Боранбаевты Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратының қызметкерлері ұстаған.
Қайрат Боранбаев – Қазақстан ұлттық паралимпиада комитетінің басшысы, «Қайрат» ФК бақылау кеңесінің төрағасы және түрлі бизнестердің иесі, әрі еліміздегі ірі кәсіпкер.
Боранбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен туысқан. Қайрат Боранбаев – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы. Боранбаевтың қызы Әлима 2013 жылы Дариға Назарбаеваның ортаншы ұлы Айсұлтан Назарбаевқа күйеуге шыққан. Айсұлтан 2020 жылы тамызда Лондонда қайтыс болды. Британдық БАҚ-тың хабарлауынша, оның өліміне кокаин себеп болған.
Айта кетейік, бір күн бұрын елден шықпақ болған кезде Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды да ұсталған болатын.