Алматы қаласы әкімдігі қоғам белсенділеріне Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізуге рұқсат бермеді, деп жазады Азаттық.
Бұл туралы 17 наурызда белсенді Әлнұр Илияшев Facebook парақшасына жазды.
Оның сөзінше, өткен аптада белсенділер 19 наурызда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда соғысқа қарсы акция өткізу туралы өтініш берген.
"Әкімдік бұл күні жақында ғана "Нұр Отан" атауын "Аманат" деп өзгерткен билік партиясының іс-шарасы өтеді деп түсіндірді. Олардың шарасы таңғы 10-да басталып, кешкі жетіде аяқталады екен" деді Илияшев.
Әкімдік өкілі Айдар Есенбеков белсенділерге не себептен акция өткізуге рұқсат етілмегені жөнінде жауап беруден бас тартты.
25 ақпанда Ресейдің Алматыдағы консулдығы алдында ондаған адам соғысқа қарсы пикет өткізген. Ақпан айының соңында Тарас Шевченко ескерткіші алдында Украинаны қолдаған тағы бір митинг өткен.
Биліктің рұқсатымен 6 наурызда өткен Украинаны қолдаған митингіге бірнеше мың адам қатысты.
16 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін айту құқығын пайдалануда азаматтарға "жеңілдіктер" болмайтынын атап өтіп, қазір "митинг өткізетін мезгіл емес" деген.
Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.
Қазақстан билігі Украинадағы соғысты "соғыс" деп атаған жоқ. Нұр-Сұлтан Ресейдің көрші елге басқыншылығын айыптаған да жоқ – БҰҰ-ның Ресей агрессиясын айыптаған резолюциясына дауыс беру кезінде қалыс қалды. Соғыс басталғаннан кейін бір аптадан соң 1 наурызда басқарушы партияның съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан "еуразиялық қауіпсіздіктің ажырамас принципінен" айнымайды деп мәлімдеді. Ол Киев пен Мәскеуді келіссөз арқылы тіл табысуға шақырып, қажет болса араағайын болуға да дайын екенін жеткізді.