Президент Тоқаевтың биылғы Жолдауымен танысқанымда бұрынғы Жолдауларда айтылмаған біршама жайттарды аңғардым. Президенттің өлім жазасын жою, шамадан тыс президенттік өкілеттіліктерден бас тарту және оның қандай да бір партия мүшесі болуын тоқтату, әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарына қызмет етуге тыйым салу, саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету, суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламентке сүйенген президенттік басқаруға көшу, мемлекет басшысының туыстарына саяси қызметтер мен квазимемлекеттік құрылымдарда басшылық қызметтер атқаруына тосқауыл қою, Парламенттің рөлі мен мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту, облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту жөніндегі ұсыныстары көңілге қонымды. Бұл ұсыныстардың мемлекеттік жоғары басқару жүйесін автократиядан демократияға қарай түбегейлі бетбұрыс жасауға қабылетті жаңа жүйеге айналдыру идеясынан туындағаны байқалады.
Біреулердің Қазақстан халқы Ассамблеясын таратып жіберу туралы айтқандарын өз басым қостамаймын. Диаспора өкілдері біздің биліктің қолдауынан айрылса, тарихи отандарына Қазақстанда ұлттық мәдениетін сақтауға қолайлы жағдайдың жоқтығын мәлімдеп, көмек сұрауға мәжбүр болады. Бұл жайт басқа елдердің біздің елдің ішкі саясатына араласуына жол ашады. Украин, белорусс, поляк, латыш, литва, эстон, еврей сияқты еуропалық нәсілдер амалсыз орыстардың жанына топтасып, орыс мәдениетін ұстанады. Мұның өзі қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің арасына сызат түсірмесе, оларды жақындата түспейді. Оның үстіне қазақтар саны жағынан мемлекетқұраушы ұлт саналғанымен, сапа жағынан өзге ұлттардан жоғары тұрғаны шамалы. Сондықтан, еліміздегі этностар өздерін заңның күшімен қазақтардың жанына топтастыруға көнуі екіталай. «Керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш!» – деп көкірек керіп жүрген көпшілігіміз мойындағымыз келмейтін ащы шындық осы. Демек, Президенттің обьективті, субьективті себептерге байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясын жоғары сайланбалы органдарға дербес сайлану орнынан толық айырмай, тек санын шектеу жөніндегі ұсынысы дұрыс саяси шешім болды.
Қазақстандағы БАҚ-тың еліміздің қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі мақсатына жұмыс істеуі керектігіне, жалпы БАҚ туралы заңды қайта қарау қажеттілігіне назар аударуы егемендігімізді күшейту мүддесін көздегендіктен екені саясаттан хабары бар азаматтарға мәлім. Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды» – деген сөздерінде екінің бірі біле бермейтін, жұртшылыққа ашып айта алмайтын жан сыры жатқанын сеземін.
Ғасырлар бойы ел бірлігінің бастауы болған дала демократиясы дәстүрін жандандырып, Ұлттық құрылтай құру жөніндегі ұсынысы да көңілімнен шықты. Әйтсе де ұлттық демократияға қатысты біраз жайттар Жолдауда айтылмаған сияқтанады. Мемлекет басшысы ономастикаға байланысты сөз қозғаған соң көпшіліктің көкейіндегі өтініш, тілектерге жауап беруі керек еді.
Әу баста Ресей империясының қазақ жерін жаулау, отарлау мақсатында әскери бекіністер ретінде тұрғызған Павлодар мен Петропавл атаулары әлі сол күйінде тұр. (Негізінен қазақ қоныстанған Семипалатинск-Семей шаһарын «Алаш» деп өзгерте алмасақ та, таза орысша нұсқасын жоюға қол жеткізгеніміз рас). Большевиктер партиясы қылышынан қан тамып тұрған жылдары патша әулеті мен дін қайраткерлерін қынадай қырғанымен, әлгі екі қаланың атауына соқтыққан жоқ. Әрине, патшазада Павелдің және христиандардың әулиелері есебіндегі Петр мен Павелдің аруағын сыйлағандықтан емес, патшалық-кеңестік отарлау саясатын құрметтегендіктен сөйтті.
Ал егемендіктің 30 жылдығы кезеңінде идеологиялық-саяси жағдай қандай сипатымен ерекшеленді? Әлемнің ең озық 30 елінің қатарына барыстық секіріспен бір-ақ қарғып жететініміз жөнінде шабыттанып сөз сапыратын ақ жағалы ұлықтарымыз Кереку мен Қызылжар қалаларының атауына келгенде тілдерін тістей қояды. Неге? Бәлкім екі қаланың атауын ауыстыруға сондағы тұрғындар арасында үлес салмағы елеулі өзге ұлт өкілдерінің пікірін есепке алатын шығар? Әлде қазақтың қара шаңырағы іспетті Шымкенттің өзінен «антифашист» Бахытжан Копбаевтың және сол секілділердің шаптығып қарсы шыққанын қаперде ұстайтын болар. Немесе Кремль мен думаның төрінде Қазақстанның мемлекеттілігі мен жерінің тарихи біртұтастығына күман келтіріп отырғандардың шабынан түрткендей болмайық деген сақтықпен сабыр сақтай ма? Анығы Аллаға ғана аян.
Қалай болса да, қазақ елінің теріскейдегі екі қаласы ежелгі орыс жерлеріне салынған деп топшылайтын патшашыл-кеңесшіл топтардың ұстанымы мықты, діні қатты, саны аз емес. Демек, ұлтаралық дүрдараздықты тудырып алмаудың амалын ойласақ, әлі де төзімділік танытуымызға тура келеді. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Ономастика саясатында көбесі сөгілген сең арасына дәл қазір қайық салып арғы беттегі көздеген жерімізге сырғып өте шығу, шынында, қиын шығар. Әділдігін айтсақ, әлі де жарым-жартылай тәуелсіздікке ғана ие Қазақстандағы ономастика және тіл саясаттарын толыққанды мемлекеттер санатындағы АҚШ, Германия, Англия, Франция, Жапония, Қытай, Түркия, Ресейдегімен салыстырсақ, опа таппаймыз.
Қош, сонымен Павлодар мен Петропавлға қатысты атау мәселесін шешуді келер уақыттың еншісіне қалдыру жөн дейік. Енді Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы Астана атауын қайтару немесе басқа атау беру мәселесі көтерілген қазіргі кезеңде Қапшағай деген ежелгі атауды жойып, орнына Қонаевтың тегін ұсыну жөн бе? Президент осы атауалмастыруды қолдауға әзір екенін ашық айтты. Бұл сөзді естіген соң, «Заты, үшінші президент тағы бір қаланың көне атауын екінші перзиденттің тегіне өзгертуге пейіл танытады-ау. Сөйтсе, астанасы Нұр-Сұлтан, қалалары Қонаев, Тоқаев болып келетін біздің елді сырт көздер демократиялық елдердің есебіне қоса ма?..» – деген күпір ойлар көңілге келеді екен. Өзіме-өзім: «Еңбектері бар ғой, сондықтан есімдерін қала атауына айналдырудың несі сөкет?» – десем, «Еңбегі жоқтығы салдарынан есімі қала атауына айналмай қалған қандай президент болды, қай елде?..» – деген қырсық сұрақ санама сумаң етіп еніп кетеді.
Бір сәт тарих қойнауына үңілейікші. Еуроазияның жартысын жаулап алған Шыңғыс хан мен оның ұлдары, немерелері және солар құрған ең мықты мемлекет Алтын Орданың өзін күйреткен Азияның ақсақ барысы Әмір Темір де қоластындағы шаһарлардың бірде-біріне өздерінің есім-сойларын беру мәселесін қарастырған емес. Патшалар мен қолбасшылардың, көсемдер мен көпестердің ныспыларын елдімекендерге беру үрдісі Ресей империясы орталығынан басталып, қарамағындағы бодан елдерге тараған сияқты. Мәселен, Санкт-Петербург (Петроград, Ленинград), Екатеринбург (Сверловск), Сталинград (Царицын, Волгоград), Калининград (Кенисберг), Перовск (Ақ мешіт, Қызылорда), Гурьев (Чапаев, Атырау), Мирзоян (Әулие ата, Жамбыл), Фрунзе (Бішкек), Сталинабад (Душанбе) атаулары, тағысын тағылар сөзімізге дәлел емес пе?
Амал не, Ресейдегі үрдісті өзімізге үлгі тұтатын түріміз бар. Сөйте тұра, көрші ел түгіл, оның арғы жағындағы Батыс елдеріне де жаңа қазақстандық үрдіс көрсетуге әуеспіз. Мысалы, Ресейде Толстой, Пушкин, Лермонтов тегімен аталған губерниялар жоқ. Германияда - Гейне, Гете, Шиллер; Англияда - Шекспир, Дефо, Диккенс; Францияда - Бальзак, Стендаль, Бодлер; АҚШ-та - Хемингуэй, Фолкнер, Дикинсон сияқты ұлы ақын-жазушылардың тегімен аталған әкімшілік-аумақтық бөліністер тағы жоқ. Есесіне ертең біздің елде Абай облысы құрылады! (Лев Толстойдың Ясная полянасы, Абай Құнанбайұлының Жидебайы тұтас бір-бір аймақтың абыройын арттырып тұр емес пе!)
«Абай – қазақтың пайғамбары, бір облыс атауын оған бермегенде кімге береміз?!» дейтін қаламгерлердің уәжін терістеуге әрекеттену біздің қоғамда, әсіресе қазақы ортада бүлік шығарғанмен бірдей бағаланады! Әйтсе де, көпшілік назарын Ислам діні мәдениетінің бір көрінісі сияқты мына жайтқа аудару абзал болар. Арабтар Алланың жердегі елшісі Мұхаммед пайғамбардың туған қаласы Меккеге, дүниеден өткен және жерленген қаласы Мәдинеге немесе өзі бас болып мұсылмандардың жасыл туын көтеріп, мәшүріктер мен кәпірлердің жабайылығынан арылтқан уәләяттардың ешқайсына Расул Аллахтың есім-сойын беру мәселесін қозғамады. Екі аяқты, жұмыр басты пендені жұртшылық сыйынатын пұт деңгейіне дейін көтеру салтын дінде күпірлік, саясатта жеке басқа табыну деп атайды. Ендеше, солай екенін біле тұра, Абай, Нұрсұлтан, Қонаев сияқты адам есімдерін облыс, қала, астананың атауына айналдыруға неліктен құмармыз? Бұл ненің нышаны? Жақсылықтың ба, жамандықтың ба? Әлде ұлттық санамыздың бұрынғы бодандық ойдан арыла алмағанының белгісі ме? Менің білетінім, мұндай жағдайда бір кезде компартияның тегеуірінімен Әулие атаға күштеп таңылған Жамбыл атауын қайта өзгерту мүмкін еместігі.
Ал Ұлытау, Жетісу атауларын ұлықтағаны үшін Президентке айтар алғысым шексіз! Өйткені бұл атаулар патша заманында, кеңестік кезеңде немесе егемендік жылдарында туған атаулар емес. Баба қазақ дәуірінен бері қолданыста жүрген, ұлттық рух пен тарихи жатты жаңғыртатын киелі көне атаулар! Енді, осы тұста көңілімді күпті қылатын тағы бірді-екілі жайтты айта кетейінші.
Облыс әкімдері орынбасарларының санын қысқартып, бюджетті үнемдеу жөнінде мәселе көтерілген кезде жаңадан үш облыс ашу жоспарын жасау соншалық қажет пе еді? Облыстық әкімдіктер мен көптеген департаменттер, басқармаларды құру, ондағы қаптаған шенеуніктердің штаты мен еңбекақысын бекіту қыруар қаржы тілемей ме? Халқының саны Мәскеу қаласының тұрғындарымен шамалас республикаға соншама әкімшілік-аумақтық бөлініс көптік етпей ме? Абай облысы құрылған соң Өскемен қаласы мен оның айналасындағы елдімекендердегі қазақтардың бір бөлігі облыс мәртебесін иеленген өңірге көшіп кетпей ме? Солай етсе шығыс өңірдегі шовинистік, сепаратистік көңіл күйдегі топтарға қазіргі кезде Ресейден қоныс аударушылардың легі қосылып, елдігімізге қатер төнбей ме? Бір кезде орыс автономиялық облысын құрып, үй ішінен үй тігу идеясын көтергендер сол жақтан төбе көрсеткен жоқ па? Міне, мені осындай сұрақтар мазалайды.
Бұл жарияланымда Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Ж. Тоқаевтың Жолдауындағы көңілім жылы қабылдаған я құптамаған мән-жайларды күлбілтелемей қатар айттым. Өйткені Ата халық, Ел Ана алдындағы өзімнің азаматтық, перзенттік парыздарыма немкетті қарай алмаймын.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы.