$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақстанға әзір санкция салынбайды, бірақ бұл уақытша ғана» – Ертісбаев

Батыс пен Ресейдің конфликтісі күшейе түскен сайын, санкцияның шекарасы кеңейе түспек. Ресейдің әрекетін қолдамаса да, осы елмен алыс-беріс, барыс-келіс орнатқан іргедегі көршілеріне шектеу салу туралы мәселе көтеріледі.
Фото: tengrinews
Фото: tengrinews

Назарбаевтың экс-кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында тұр деп есептейді. Оның пікірінше бұл дүрбелең Қазақстанды да айналып өтпейді.
Ақорданың бейтарап позициясын уақыт өте келе Батыс та, Ресей де құптамайтын жағдайға жетеді. Үнсіздік үйдей бәледен құтқармайды. Ешкіммен қақ-соғы жоқ, нейтралды позиция актуалды болудан қалып, шайқасып жатқан тараптардың шамына тиюі мүмкін. 

Ресейдің агрессиялық саясаты мен экономикалық потенциалын тежеуге бағытталған санкциялар одақтас елдерді де есеңгіретіп кеткен. Антиресейлік шектеулер күш алған сайын, оның зардаптарын бұрынғыдан бетер сезінетін боламыз. Ресей үрей құшағында өмір сүріп үйренген, олардың санкцияға қарсы иммунитеті қалыптасқан. Қазақстанның Батыстан ескен дауылға қарсы тұрар қауқары жоқ.

Сөй деген Ертісбаев бұған дәлел ретінде, соңғы кезде қатты құлдыраған ұлттық валютаны алға тартыпты.

«Өткенде ғана доллардың теңгедегі бағасы 425- тұғын, ал бүгін 520-дан асып жығылды. Теңге тым тұрақсыз.

Мен 12 жыл бойы Назарбаевтың сенімі серігі болдым. Өмірімнің 25 жылын мемқызметте өткердім. Ұлтымның патриотымын. Бірақ соңғы жағдайдан кейін жүйеден көңілім қалды.

Себебі, жиған-тергенімнен айырылдым. Теңге бір емес, төрт мәрте тоңқалаң асты. Ұлттық валютада ұстап келген қаражатым бір-ақ күнде құнсызданды. Теңгемен сақтаған ақшамыз сұйылып кетті. Осыдан кейін қалай күйінбейсің. Мен секілді сан соғып қалған азаматтар қаншама, олар да қазіргі күні билікке оппозиция болып отыр», – дейді экс-кеңесші.

Оның пікірінше әзір Қазақстанға санкция салынбайды. Бұған Батыс елдері де кепілдік беріп отыр. Түнеукүні, осыған орай Ұлыбритания елшісі шұғыл мәлімдеме жасап, экономикалық шектеулер Ақорданы айналып өтеріне сендірген.

Елшінің сөзінен түсінгеніміз, Ресейдің нақ одақтастары мен “тұтқынында” отырған, тіл-аузы байлаулы елдерді ажырату білу керек.

«Әйтсе де, – дейді Ертісбаев. Бұл уақытша құбылыс! Батыс пен Ресейдің конфликтісі күшейе түскен сайын, санкцияның шекарасы кеңейе түспек. Ресейдің әрекетін қолдамаса да, осы елмен алыс-беріс, барыс-келіс орнатқан іргедегі көршілеріне шектеу салу туралы мәселе көтеріледі».

Ертісбаевтың пікірінше Батыс елдері мен Кремль қырғи-қабақ кезеңнің өткелінен өтіп кеткен. Әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың дәлізінде тұр.

Бұдан ешбір ел қалыс қала алмайды. Бейтарап позиция тартымды болудан қалады. Осы күнге дейін сыртқы саясатта тепе-теңдік сақтап келген Ақордаға қысым күшейеді.

Батыс елдері бір бүйірден қысса, енді бір жағынан «орыс әлемі» бопсалайды. Қазақстан билігін нақты таңдау жасауға итермелейді.

«Қазақстанның бұған қалай жауап қатары қазірдің өзінде белгілі. Бізде таңдау еркіндігі бар ма? Ресеймен арадағы шекара жеті мың шақырымға созылып жатыр. Жеті мың шақырым – таңдаудың өрісін тарылтатын фактор», – дейді экс-кеңесші.

Ертісбаевтың айтуынша антиресейлік санкциялар дәуірінде күн кешіп жатқан Қазақстан Батыс елдерімен сауда-саттықтың жаңа жолдарын іздеуі қажет. Бірақ, бұл бағытта да Ресей провокациясына ұшырау қаупі бар.

«Қазақстанның ұлттық бюджетін толықтырып отырған негізгі табыс көзі – Каспий құбыр консорциумы. Еліміздің батыс өңірлерінде өндірілген мұнай түгелдей осы құбыр арқылы Жаңасібірге жеткізіледі. Біз жылына 80 млн тонна мұнай өндіреміз. Бұл алапат ақша!

Өткен отыз жылда Ресейдің тарапынан тасымалға қатысты қысымға ұшыраған кезіміз жоқ. Неге?

Себебі, бұдан түскен табыстың 52 пайызын Ресей алып отыр!  Теңіз-Жаңасібір құбырымен мұнай жеткізетін Қазақстанның табысы небәрі 19 пайыз. Ал Батыстағы әріптестер – 31-33 пайызын қағып алады.

Ресейдің үлесі неге көп? Себебі, бұл орыстың жері, орыстың құбыры, олар соны бұлдайды. Қазақстан Батыс бағытқа мұнай жеткізудің жаңа амалдарын іздестіруі тиіс», – дейді Ертісбаев.

dalanews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары