Бірнеше күн болды, Украина жаңалықтарын қарап отырмын. Адам кейпінен жұрдай боп, азғындаған орыс әскерінің тірлігінен жиіркенесің. Жіпке тізіп баяндағың келмейді. Біреуін ғана айтайын. Басып алған үйдің иесін өлтіріп, сонда бірнеше күн жатып тамағын жеп, заттарын тонағанымен қоймай, шығарда үйілген киімдердің астына жібін тартса жарылатын мина жасырып кеткен.
Буча қырғынына батыс баспасөзі айыпты деген Захарованы, ешқандай бітім болмауын, қанды қасаптың тоқтамауын талап етуші Соловьевті, тізесінен жоғары кесілген екі аяғын көрсетіп, сендер де аянбаңдар деп өзі сияқты жастарды Украинаға шақырған орыс солдатын, Буча туралы видеоның бәрі фейк, өліктер олай жатпайды деп күліп тұрған орыс кемпірдің сөзін аяғына дейін тыңдауға жүйке керек.
Украиндарды қырып тастамағанда, олар Америкамен бірігіп бізді қырар еді деп сенетін орыстар бар ғой. Солар Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын қолдайды екен дегенді естіп аң-таң болады. Кеше ғана біз бұларды террористерден қорғап қалып едік қой, қалай сол жақсылықты тез ұмытып кеткен деп күйіп-піседі.
Ресейдің өкіметтік басылымы РИА Новости бірнеше күн бұрын «Ресей Украинаға не істеуі керек?» деген мақала жариялады. Арнайы операция аяқталған соң бұл елді Украина деген аттан айырып, украиндардан босату керек, өйткені денацификация дегеніміз - деукраинизация делінген онда.
Оның алдында Ресейдің бірнеше депутаты Украина, Қазақстан сияқты елдердің егемен болуы мүмкін еместігін талқылаған болатын.
АҚШ-тың Ресейдегі бұрынғы елшісі Майкл Макфол «Бір көзім жеткен нәрсе, Путинді жақын зерттеген адамдардың бәрі оның залым және жауыз екеніне күмән келтірмейді» дейді.
Путин басқаратын Ресеймен өзара тиімді одақ болуы мүмкін емес. Путиндік Ресеймен жасалған кез келген экономикалық одақ экономикадан бұрын геосаясатты көздейді. Путиндік Ресеймен арадағы кез келген саяси бірлестік тәуелділікке апарады.
Путинді әріптес, дос санаған өкімет өз елін дамытуды емес, өз халқынан қорғануды ойлаған өкімет. Мұны түсінетін кез келді.
Журналист Ержан Әбдіраманның facebook парақшасынан