10 сәуірге қараған түні Пәкістан парламенті премьер-министр Имран Ханға сенімсіздік вотумын шығарды. 342 депутаттың 174-і Ханды үкімет жетекшісі қызметінен босату туралы шешімді қолдады, деп хабарлайды azattyq.org сайты. Жаңа премьер-министрлікке үміткерлерге дауыс беру 11 сәуірде өтеді.
Хан Пәкістан тарихында парламент сенімсіздік танытқаннан кейін вотум арқылы қызметінен шеттетілген алғашқы премьер. Парламент отырысы өтетін күні үкімет ғимараты орналасқан ауданға әскери қызметкерлер әкелінген.
Оппозиция жетекшісі Шахбаз Шариф жақтастарына өзінің ұсынысын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Оппозиция Имран Ханды экономиканы тиімсіз басқарды, жемқорлық жасады деп айыптайды. 220 млн тұрғыны бар елде кейінгі кезде азық-түлік, бензин, газ едәуір қымбаттаған.
Бұрынғы танымал крикет ойыншысы Имран Хан 2018 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарған. Ол елді экономикалық дағдарыстан құтқарып, жемқорлықты жеңуге уәде берген, алайда қазір көптеген тұрғындар саясаткер бұл екі уәдесін де орындамады деп санайды, деп жазды BBC сайты.
Имран Ханның орнын оппозиция жетекшісі Шахбаз Шариф басуы мүмкін деген болжам айтылады. Пәкістанның жаңа премьер-министрі келесі парламент сайлауына дейін, яғни 2023 жылдың қазанына дейін билікте қалуы ықтимал.