$ 494.87  520.65  4.91

Елімізде Кремль пропагандасымен айналысатын ақпарат құралдарының жұмысына тыйым салынатыны рас па? (ВИДЕО)

Қазақстандықтар үкіметтен ел аумағында кремльшіл пропаганданы тарататын ресейлік арналарға тоқтау салуды сұрап, қол жинап жатыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

"Қазақстанда шетел телеарналары тек қана кабельдік жүйемен тарайды. Әр кабельдік жүйеге шетел арнасынан өзге, Қазақстанның 15 телеарнасы міндетті түрде кіреді. Көрермен қандай арнаны көргісі келетінін өзі таңдайды".

Бүгін, 12 сәуірде өткен үкімет отырысынан кейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Азаттық тілшісінің "Пропагандалық ақпаратты шектеу үшін Ресейдің кейбір телеарналарын Қазақстанда көрсетпеу туралы" петиция талабына қатысты сұрағына осылай жауап берді, деп жазады Азаттық.

Министрдің сөзінше, кабельдік жүйемен қандай шетелдік арнаны көрсететінін провайдер өзі шешеді және оны телеарнамен келіседі.

- Заңды бұзбаса, шетел БАҚ-тары жабылмайды. Тұтынушылар олардың Қазақстан заңын бұзғанын, түрлі арандату материалдарын жариялағанын байқаса, жауапты орындарға шағым түсіре алады, - деді Асқар Омаров.

Әлеуметтік желі мен сайттарда "Қазақстан аумағында Ресей телеарналарының хабар таратуын тоқтату туралы" петиция жарияланып, оған бүгінде 6 мыңнан астам адам қол қойған. Петицияда 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кірген соң телеарналар арқылы Мәскеу пропагандасы тарап жатыр делінеді.

"Украинадағы соғыс жөнінде Ресей телеарналары таратып отырған, жаппай бұрмаланған ақпарат еліміздің ақпарат қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мұндай телеарналардың әрекеттері кәсіби этика мен жалпы адамзатқа ортақ моральға ғана емес, Қазақстан констиуциясына да қайшы келеді. Конституцияда соғысқа, "қатігездік пен зорлық-зомбылыққа үгіттеуге және насихаттауға жол берілмейді” деп көрсетілген" делінген петицияда.

Қазақстан президенті мен үкіметіне бағытталған петицияның авторлары ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен шетел телеарналарының заң бұзу фактілерін анықтап, ақпарат кеңістігіне бақылауды күшейтуді талап еткен және Ресейдің кейбір телеарналарының тізімін көрсеткен.

Ресей билігі Украинадағы әскери қимылын "соғыс" деп есептемейді, "Ресей әскерінің Украинадағы әскери операциясы" деп атайды. Ресей БАҚ-тарына да солай жазу міндеттелген. Ресей билігінің ұстанымы бойынша, Украинадағы зорлық-зомбылық - оқиғалары Батысқа көрсету үшін Украинаның өзі жасап отырған қойылым. Бұған дейін Украина Ресей әскері бір айдан астам бақылап тұрған өңірлерде түрлі қатыгездік көрсетіп жатқанын, Ресей БАҚ-тары оны бұрмалап отырғанын мәлімдеген.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтындағы мәліметке қарағанда, 2021 жылдың 8 тамызына дейін Қазақстанда 267 шетелдік телерадио арна тіркелген. Оның 194-і - Ресей телеарнасы.

Одан өзге. Ұлыбританияның - 23, АҚШ-тың - 18, Эстонияның - 16, Францияның - 9, Түркияның - 5, Кипрдің - 1, Испанияның - 1 телеарнасы бар.

160 телеарна орыс тілінде, 13 телеарна ағылшын тілінде, 74 телеарна орысша және ағылшынша, 4 телеарна түрікше, 3 телеарна французша, 3 телеарна украин және орыс тілдерінде, 2 телеарна орыс, татар тілдерінде, бір телеарна неміс және орыс тілдерінде, 3 телеарна орысша және французша, бір телеарна орысша және белорусша, басқалары үш және одан да көп тілде хабар таратады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары