Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 11 сәуірде Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында наразылық білдіріп, өзін-өзі өртеп жіберген әйелдің жағдайынан хабардар етті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомство таратқан мәлімет бойынша, 1990 жылғы әйел жедел жәрдем желісі арқылы дененің кейбір бөліктерінде күйік жараларымен № 1 Көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілді.
«Шокқа қарсы палатаға түскен кезде оны комбустиолог, реаниматолог, токсиколог, терапевт мамандары қарап шықты. Науқастың ауырлығын ескере отырып, ол күйік шогы, күйіктің ауданы мен жаралардың тереңдігі бар болғандықтан реанимация бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта әйел толыққанды медициналық көмек алып отыр және ОАРИТ медперсоналының бақылауында. Оның денсаулық жағдайы әлі де ауыр деп бағаланып отыр», деп хабарлайды Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Mudarabah Capital қаржы пирамидасының құрбаны 11 сәуірде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында наразылық акциясы кезінде өзін-өзі өртеп жіберді. Ол ауруханаға жатқызылды. Полицейдің де қолы күйген.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Оқиғадан бір күн бұрын әйел Instagram парақшасында Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахмановты айыптаған жазба жариялаған.
Әбдірахманов өзіне тағылған айыпқа жауап берді.
«10 сәуірде Досмаилова Instagram желісінде жариялаған жазбасында оның өліміне мені кінәлауды өтініп, мұны менің «қылмыстық істі жабуға» асығуыммен түсіндіреді. Бұл қылмыстық іс бойынша 14 адам күдікті деп танылып, оның екеуіне «қамау» санкциясымен халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлаймын», дейді Рустам Әбдірахманов
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары алты күдіктінің қамауға алынғанын, тергеу сотының үшеуіне «кепіл» бұлтартпау шарасына санкция бергенін, тағы екеуі үйқамаққа алынғанын, біреуіне елге шығуға тыйым салынғанын атап өтті.
Еске салсақ, 2022 жылғы ақпан айында вайнер Мейіржан Төребаев, актер Мейірхан Шерниязов және Азизжан Саидбаев қаржылық пирамида құрып, оны басқарды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болды. Алматы қалалық соты бұл ақпаратты растады. Оларға қатысты сот 3 миллион теңгеден астам «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.