Сот Төрағасы судья бола отырып, азаматтарды нақты сот істері бойынша қабылдауына болмайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов ОКҚ-да өткен брифинг кезінде айтты, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz.
Шәріпов мінберде жасаған баяндамасында азаматтарды қабылдау мәселесіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, Сот төрағасы судья бола отырып, азаматтарды нақты сот істері бойынша қабылдауға құқығы жоқ.
«Мен бұған дейін айтқан болатынмын, сот актілеріне шағым жасаудың нақты тәртібі бар. Осыған қарамастан, кейбіреулер жеке қабылдау арқылы сот актісін қайта қарауға тырысады. Барлығы Жоғарғы Сот Төрағасының немесе сот алқаларының төрағаларының жеке қабылдағанын қалайды. Бірақ, іс жүргізу кодекстеріне нақты сот істерін қабылдауға тыйым салынады. Сотты мемлекеттік органмен салыстыруға болмайды. Соттың өзіндік ерекшелігі бар. Егер мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды кесте бойынша қабылдауға және олардың мәселелерін шешуге міндетті болса, онда Сот Төрағасы судья бола отырып, азаматтарды нақты сот істері бойынша қабылдауға құқылы емес», - деді ол сөзінде.
Сонымен қатар, Нұрсерік Шәріпов Жоғарғы сот кеңесінің Сот жюриі судьяларды сот залынан тыс жерде тараптармен байланыста болғаны үшін жазалаған жағдайлар көп болғанын атап өтті.
«Сот төрағасы қабылдауды өзінің төрағалық функциялары бойынша ғана жүргізеді-бұл нақты іс бойынша сот әділдігімен байланысты емес соттың ұйымдастырушылық мәселелері», - деді Шәріпов.
Бүгінге дейін алқа төрағалары сот актілерімен келіспейтін тұлғаларды жеке қабылдап келді. Олардың кейбірі қабылдауда бірнеше рет болды. Ендігі кезекте мұндай қабылдауларға шектеулер қойылмақ.
«Шыны керек, біз адамдармен кездестік, бірақ бұл заңды емес, өйткені кез-келген мәселенің екінші жағы бар. Қылмыстық істе сотталушы және жәбірленуші болса, азаматтық істе талапкер және жауапкер бар. Бірақ процестің басқа қатысушылары өздерінің наразылықтарын білдіре бастады: неге біз тек бір жағын қабылдаймыз? Неліктен біз тек бір тарапты ғана тыңдауымыз керек? Бұл ретте әркімнің өз шындығы бар. Шынында да, бұл қабылдауға келмеген екінші тараптың мүдделерін бұзады, - деді Шәріпов.
Осылайша Нұрсерік Шәріпов жеке қабылдауды сот залында өтіп жатқан сот процесінің баламасына айналдыру заңсыз болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол мұндай тәжірибе ешбір елде жоқтығын назарға алды.
«Бұл әділеттіліктің негізгі қағидасына қайшы келеді, тараптардың теңдігі мен бәсекелестігі ескерілу керек», - деді ол.