Бас прокуратура капиталды заңсыз шетелге шығару бойынша жиырмадан астам қылмыстық істі тергеп жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды
Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер министрден Қазақстаннан заңсыз шығарылған ақшаны қайтару жұмысы қалай жүріп жатқанын сұрады.
"Бас прокуратура 20-дан астам қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар бойынша шығын сомасы бір миллиард доллар шамасында бағаланып отыр. Толық ақпаратты Бас прокуратураның өзі береді", – деп қысқа қайырды Жамаубаев.
Оның айтуынша, қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп барлық статистика мен ақпаратқа талдау жасап жатыр.
"Біз қаржы мониторингі агенттігіне 8 жағдайды тапсырдық. Олар сотқа дейінгі тергеу жүргізуге тиіс болатын, содан кейін егер қажет болса, қылмыстық іс қозғалады. Қателеспесем, сегіз жағдай бойынша сома бір миллиард АҚШ долларын құрайды", –деді министр.