«Дат, тақсыр!»
Аңыз. Жаугершілік заманында қазақ ауылдарын қалмақтар шауып, ондаған адамды байлап матап әкетіпті. Қазақ хандығының әлсіреген кезі екен, қалың қол жинап жау соңынан аттандыруға шама-шарқы жетпеген көрінеді. Елдің жақсы-жайсаңдары бас қосып, жоңғар хандығының ордасына елшілік жіберіп, келісімге келуді ұйғарыпты. Телқоңыр тайын тепеңдеткен 14 жасар бала да топтың соңынан ілесе жөнелген екен.
Қалмақ ханының бәйбішесі ат қораға кіргенінде аузы ашылып, екі қолы мен екі аяғын екі жаққа жіберіп шалқасынан алаңсыз ұйықтап жатқан атқосшы баланы көргенінде қайран қалыпты. Іле ханға барып: «Ана бала аузым жеткенше сөйлеймін, қолым жеткенше сермеймін, аяғым жеткенінше жүремін» деп жатыр, абайла» деген көрінеді. Айтқанындай, елшілікті бастаған батырлар жоңғар хандығының ордасында күмілжіп қалған сәтте атқосшы бала топтан суырылып ортаға шығып: «Дат, тақсыр!» депті де өлеңдете жөнелген.
«Сен – темір болсаң, мен – көмір,
Еріткелі келгенмін,
Екі еліктің баласын
Теліткелі келгенмін.
Танымайтын жат елге
Танысқалы келгенмін.
Қазақ, қалмақ баласы
Табысқалы келгенмін.
Тұтқыр сары желіммін,
Жабысқалы келгенмін.
Жаңа үйреткен жас тұлпар
Жарысқалы келгенмін.
Табысуға келмесең,
Шабысқалы келгенмін.
Сен – қабылан болсаң,
Мен – арыстан,
Алысқалы келгенмін!» – деген айбынды жырдан қалмақ ханының жон арқасы мұздап, елшіліктің өтінішін орындауға мәжбүр болыпты. Сол сапарда 90 қазақты тұтқыннан босатып, еліне алып қайтқан атқосшы баланың саңқылдаған үніне қалмақтар таңдайын қағып таңырқап қалған деседі.
Ата жұрт. Ұлы би қоныс қылған Едірей, Үшқара тауларында тамыр жайған ел ертеде Бауыр Бошан елі атанған. Едірей болысы патша заманында Семей губерниясы Қарқаралы дуанына қарапты. Кеңес үкіметі орнаған соң Қу, Байыр болыстарымен біріктіріліп, Егіндібұлақ ауданын құраған. 1993 жылы аудан Қазыбек би ауданы аталыпты деген ақжарылқап хабарды естігенімізде өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей әрі-сәрі күйге түстік. Есімізді жиған соң «Өткеніне құрметпен қарап, ата тарихын ұлықтаған біздің ел ғана үш өңірдегі үш ауданға қазақтың үш ұлы биі – Төле, Қазыбек, Әйтекенің есім-сойларын бере алады!» – деп бөркімізді аспанға аттық! Әйтсе де, амал не, 1997 жылы Қазыбек би ауданы таратылды.
Билік жұртшылықтың келісімінсіз шешім шығарған 23 мамыр күні қазақтың қасиетті тайқазаны орнатылған ошақтың үш бұтының бірі морт сынып, ырыс-құтымыз жерге төгілгендей болды. Онсыз да аудан халқының бастан өткерген азабы аз емес еді. 1930 жылдары большевиктер қолдан ұйымдастырған нәубетке дейін ауданда 40 мыңнан астам адам тұрса, кейін соның 4500-і ғана қалыпты. Халық бұған да шүкіршілік етті. Өйткені қалың өрттен кейін дала төсінде қайтадан қаулап шыққан көк шалғын сияқты байырғы тұрғындар өсіп өніп, аудан таратылатын 1997 жылы халық саны 17500-ге жеткен екен.
Бірақ қасіретті көріністер сол шақта да көз алдымыздан кетпей қойды.
Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстар. Сутегі бомбасы сыналатын нысан аумағына 40 қазақ пен он шақты қойды қалдырып, өздері жер астындағы қорғаныс құрылғысына жасырынған кеңестік әскерилер...
Айналасына ажал сәулесін таратқан аймақтың іргесінде екі қолсыз жарық дүниеге келген Кәріпбек Күйіков. Қылқаламды тістерімен қысып ұстап ағаш жақтауға керілген кенептің бетіне майлы бояумен ғажайып туындылар жазатын әлемдегі жалғыз суретші, халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының белсендісі, Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы, біздің заманымыздың қаһарманы Кәріпбек Күйіков...
Кәріпбектің тағдырына қызыға қараған кейуана аналар... Солардың жатырынан шыққан құбыжық кейіпті, ақыл-ессіз, атом ғасырының жарымжан перзенттері...
Соншалық зіл батпан қасіретті арқаласа да еңсесін тік ұстаған ел ауданның қайта ашылуын сұрап астанаға өтініш жолдаудан танбады. Түркістан, Жетісу, Ұлытау, Абай облыстарын құру жөнінде Президенттің жарлығы шыққанда Қазыбек би ауданын қайта ашатын уақыт жетті деген үміт жүрегімізге ұялады.
Жуырда Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтың өзі бас болып екі мыңнан астам танымал азамат Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ашық хат жолдады. Сол хатқа Павлодарда туып, қаланың құрметті азаматы атанған мен де қол қойдым. Өйткені, менің ата мекенім – Едірей тауы, ата жұртымның орны мен ата-бабамның молалары да сол таудың қойнауында жатыр.
Қарқаралыда өткен жиында білікті мамандар ауданның қайта ашылуына негіз боларлық экономикалық жайттарды атап көрсетіпті. Дәйектері мен дәлелдері негізді. Кейбір ағайынымыз аудан Қазыбек би ауданы аталмай-ақ қойсын, Егіндібұлақ ауылына бабамыздың аты берілсе жеткілікті деген пейіл танытыпты.
Алайда өз басым аудан да, аудан орталығы да Қазыбек бидің атымен аталса артық емес деген ойдамын. Өйткені, Павлодар облысында Павлодар қаласы, Павлодар ауданы, Павлодар ауылы да бар... Ресей империясының ұлы кінәзі, патшазада Павел Романовтың құрметіне патша заманында қойылған атаулар кеңестік кезеңде өзгертілген жоқ, егемендік жылдарында да құрметтелінуде... Солай бола тұра, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Жоңғар қоңтайшысы, Ресей императоры, Қытай богдыханы елшілерімен келіссөздер жүргізген көреген саясаткер, ішкі руаралық тартыстардың түйінін әділдікпен шешкен Орта жүздің төбе биі, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай хандардың кеңесшісі, сыртқы жаулардың басқыншылық жорықтарына қарсы күресті ұйымдастырушы көсемдердің бірі, «Жеті жарғы» заңдар жинағын құрастырған кемеңгерлердің бірегейі, аттылыға жол, ауыздыға сөз бермеген шешен, көзі тірісінде әулие санатына енген Қаз дауысты Қазыбек бидің атындағы ауданды қайтадан ашу мәселесі шешілген жоқ.
Түйін. Ұлы бабамыз 1764 жылы 97 жасында Сарыарқадағы Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында фәни жалғаннан бақилық әлемге көшті. Мәйіті қазақ хандығының астанасы Түркістан шаһарындағы киелі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылды. Қалмақ ханының өзі «Қаз дауысты Қазыбек би» деп атаған есімі Қытай жылнамаларында, Ресейдің тарихи құжаттарында хатталды. Осынау әзиз есім ұлттық жадымызда әлі жаңғырып тұр.
Егіндібұлақ ауылында тұғыр үстінде Қаз дауысты Қазыбек бидің терең ойға шомған кейіптегі мүсініне жұртшылық үмітті көзбен зер салуда. Мәдидің азалы да айбарлы әндері, Кембірбайдың көгала үйрек өлеңдері, Тәттімбеттің сырлы әуезді күйлері сол маңда қалықтап жүр.
Он төрт жасында қалмақ хандығының ордасында «Дат, тақсыр!» деп сөз бастап, елдің мұң-мұқтажын айтқан атқосшы баланың қайраткерлік іс-әрекетін қалмақ ханының өзі мойындап, сөзіне құлақ түрген еді. Енді ұлы бидің ұрпақтары Ақ ордаға барып: «Дат, тақсыр» деп, сөз бастауға тас түйін дайын отыр. Солардың өтініш-тілегін тыңдауға Президентіміз де дайын шығар...
Арман ҚАНИ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Павлодар қаласы.