Қазақстан Қорғаныс министрлігі биыл қаржылық мәселелерге байланысты әскери парад өткізбейтін болды. Бұл өте дұрыс қадам деп есептейміз. Қазақстан үшін 9-мамыр Жеңіс күні емес. Бұл ресми түрде Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күніне айналғаны жөн болмақ.
Қазақстандағы ресейшіл күштер бұл күндері «Бессмертный полк» сияқты шабашты ұйымдастыруды қолға алып жатуы әбден мүмкін. Мұндай психоз ұлыдержавалық шовинизм мен империялық астамшылықтың отына май құяды. Былтыр ол Ресейде онлайн режимде өткен. Биыл агрессор мемлекет Украинаға қарсы басқыншылық «әскери операциясы» кезінде жеңіліп жатқан тұста әскери психоз әбден өршуі ықтимал. Бірақ қалай болғанда да Қазақстанда «Бессмертный полк» акциясына тосқауыл қойылуы қажет.
Майдангерлерді еске аламыз деген желеумен совет-герман соғысында қаза тапқан ата-бабаларының суретін төбесіне көтеріп шеру өткізу қазақ үшін тапқырлық емес. Бұл СССР-ді қалпына келтіруді армандаған путлерлік биліктің идеологиялық айла-шарғысы.
Біз болсақ мұсылман халықпыз. Төбесіне суретін көтермек түгілі бейітінің басына сурет салуға тыйым салынған. Шариғат жолы бойынша суреттерді төбеге көтеріп құрметтеу бұл – суретке табыну. Ал дінімізде Алладан басқаға табынушылықты ширк дейді. Бізге ең керегі – 9 мамырда мешіттерде, отбасыларында майданда қаза тапқан, соғыста алған жарақаттарынан кейін қайтыс болған күллі майдангерлерге, әкелеріміз бен аталарымызға бағышталып Құран оқылуы. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегеніміз сол.
Қазақстандағы сепаратистік пиғылдағылар қалғып отырмағаны тағы анық. Бұрынғы әскери қызметкер Қуат Ахметовтың айтуына қарағанда «Бессмертный полк» акциясын белсенді түрде ұйымдастырушылардың бірі Алматы қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров деген біреу көрінеді. 2019 жылы әлгі осы акциямен 150 мың адам шығарамын деп өзеурегені, артынан 130 мың адам шығардым дегені де есте. Жалпы ауған соғысы ардагерлері ұйымдары «Бессмертный полкке» байланысты өз ұстанымдарын ашықтан ашық жариялайтын кезі келді. Халық кімнің кім екенін білуі керек.
Ал ресми орындар кешегі СССР-дің империялық астамшылығын ту еткен «Бессмертный полк» сияқты акцияларды реми тоқтатқаны, кешегі коллоборционист власовшылардың айырым белгісі георгиев лентасын тағуға ресми тыйым салғаны жөн!
Жазушы-публицист Марат Тоқашбаевтың facebook парақшасынан