Қызылжарда қалалық әкімдік жетімдерді тұрғын үй кезегінен алып тастаған. Ал балалар үйінің түлектері онан хабарсыз болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазір облыс орталығында пәтер кезегінде 15 мыңға жуық адам тұр. Оның 1700-ден астамы – ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар. Олардың басым бөлігі баспаналы болу үшін әкімдіктің тізіміне 10 жыл бұрын енген. Ал былтыр кезектің қалай жылжып жатқанын білу үшін әкімдікке барғанда, тізімде жоқ екендерін біліпті. Шенеуніктер бұл келеңсіздікті ақпараттық базаның жаңартылуымен түсіндірді.
“Техникалық ақауларға байланысты бізде жетімдер санатында тұрған азаматтар кезегінен алып тасталынған болатын. Біз тексеру жүргізу аясында осындай проблема бар екенін анықтадық. Қазіргі таңда наурыздың 24 күні жаңағы 49 азаматтың барлығы өз кезегіне қайта қойылды. Кезегінен жылжыған жоқ”, – дейді Петропавл қаласының әкімдігі ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Ал прокуратура органдары мәселе тек техникалық ақауда емес деп есептейді. Құзырлы орган бұл оқиғаға тікелей қатысы барларды қазір анықтап жатыр.
“Қала прокуратурасы әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды кезекке қою бойынша сараптама жұмыстарын жүргізіп, бірқатар олқылықты анықтаған. Бұл жерде тек техникалық ақау ғана емес, адами фактор да бар. Кезекті бір базадан екіншісіне көшіру кезінде біреу қателесіп кеткен болар. Сондықтан қазір біз тексеріс жұмыстарын қолға алдық”, – дейді Петропавл қаласы проекрорының орынбасары Қайсар Әбішов.