Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Кіші Арал мәселесін шешуге шұғыл қаржы табу қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды
Sputnik Қазақстан тілшісі.
Спикердің айтуынша, осыдан бес жыл бұрын Кіші Аралдың суын ұстайтын Көкарал бөгетінің бір бөлігін су шайып кеткен болатын.
"Ал Көкарал бөгеті Кіші Аралдағы суды сақтап, деңгейін көтеру үшін негізгі әрі стратегиялық рөлге атқарады. Егер осы бөгетті шайып кететін болса, қаншама жылдан бері жинаған суымыздың бәрі құмға кетеді. Оған қаншама қаржы бөлінді, әлемдік банктің көмегін де алдық. Үкімет те қаржы бөлген. Сөйтіп, жинаған суымызға қауіп төніп тұр", - деді Әшімбаев сенаттың жалпы отырысында.
Бүгінде Кіші Аралдағы суға жергілікті халықтың біраз бөлігі тәуелді болып отыр.
"Егер ол жердегі суымыздың деңгейі төмендеп кетсе, үлкен экономикалық, экологиялық, әлеуметтік әсері болатыны белгілі. Ашығын айтатын болсақ, үлкен апат болады. Бүгінде бөгеттің 200 метрі шайылып кеткен. Басқа учаскелері ұстап тұр. Бірақ ұзаққа созыла қоймас. Сондықтан біз оған күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлуіміз керек", - деп атап көрсетті Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, Қызылорда облысының әкімдігі 5 миллирд теңге сұрап отыр.
"Биыл олар 500 миллион сұрап отыр. Соны экология министрлігінің резервінен қарастырайық. Бірақ күзде келесі жылдың бюджетін қарағанда қалған соманы толық беруге тырысайық. Біз бюджетті бөле алмай жүргенде бірдеңе болса, аяғы өте қиын болады. Сондықтан бізге қаржы министрлігі тарапынан көмек керек", - деді Әшімбаев.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев барлық құжат дайын болса, резервтен ақша бөлуге дайын екенін жеткізді.