12.05.2022, 14:40

«Өз басым бұл сапардың жөні бөлек болды деп есептеймін» - сарапшы

Өйткені, бұл сапарда тікелей инвестиция тарту мәселесіне назар аударылған секілді.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік ресми сапармен Түркия еліне барып қайтты. Бауырлас Түркі елінің басшысы Реджеп Тайип Ердоған Президентімізді ыстық ықыласпен қарсы алып, маңызы салмақты кездесулер өтті. Жалпы ұзын-саны 15 құжатқа қол қойылды. Жалпы, кездесуден не күтеміз, Тоқаевтың Түркияға барудағы мақсаты не? Журналист Амангелді Құрметұлы пікір білдірген еді, деп хабарлайды skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Президент Түркияға барды. Екі күндік сапар. Сапар болғанда статусы жоғары мемлекеттік сапар. Біз мемлекеттік сапар деп бағаласақ, түріктер А категориясына кіретін сапар дейді екен. Қазақстан Президентін Анкараға Режеп Тайып Ердоған арнайы шақырған деседі.

Сондықтан да өз басым бұл сапардың жөні бөлек болды деп есептеймін. Анкарадағы «Есенбоға» халықаралық әуежайында Қазақстан Президентін Түркияның вице-президенті Фуат Октай, Анкара губернаторы Васип Шахин және басқа да ресми тұлғалар күтіп алды.

Сол секілді президентімізді салтанатты түрде күтіп алу сәті де ерекше болғанын айту керек. Түркия президентінің ресми қабылдау салтанатында тарихта болған 16 түркі мемлекетінің байрағын ұстап, сол дәуірдің жауынгерлік киімін киген әскерлер тұрады. Осы жолы да солай болды. Ғұнның байрағы ретінде сипатталатын туды байқадым », - дейді ол.

Сарапшы бұл сапардың экономикалық жағынан маңызы зор болғанын айтады.

«Жалпы айтқанда екі күнге жоспарланған сапарда біраз кездесулер өтіп, біршама құжатқа қол қойылды. Өз басым сапардың осы тұрғысына тоқталғым келіп отыр. Өйткені, бұл сапарда тікелей инвестиция тарту мәселесіне назар аударылған секілді. Ресей нарығынан ірі брендтер кетіп жатыр. Олар маңайдағы Түркия, Өзбекстан секілді еңбек өнімділігі жоғары елдерге қоныстанады деген сөз. Ал Қазақстан қосымша нарық болып есептеледі. Елімізге белгілі мөлшерде қаржы келеді. Инвестициялық маңызы басым деп отырғаным осыдан.

Екіншіден, ақша болған жерде оны қорғауға деген құлшыныс та жоғары болатыны сөзсіз. Мысал ретінде айтар болсақ, Түркияның өсімдік майын шығаратын үлкен компаниясы бар. Ол елімізге келіп жатыр деп естідім. Яғни кемі 500-600 млн долларлық инвестиция келіп жатыр деген сөз. Тоқаевтың сапары барысында Түркияның аса ірі кәсіпорындарымен кездесулер өтті. Олардың арасында түрік экономикасының кемі он пайызын ұстап тұрған ірі компаниялар бар екенін ескеру керек.

Түркияның Anka әскери дрондары туралы да маңызды ақпарат алып отырмыз. Мұндай бірлескен зауыт Украинада да бар. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ-түрік дрон зауытын салу туралы мәселе - бұл көптен бері айтылып жүрген дүние. Үш жылдай боп қалды ғой деймін. Түркия тарапынан бірнеше рет айтылғанымен, біздің тарап ашық айтпай келді. Белгілі бір саяси тұстары болған шығар, онша ашып айта қоймаған еді», - дейді Амангелді Құрметұлы.