Күні кеше ғана көрермен назарына ұсынылған Ақан Сатаевтың Қасым хан туралы «Ұлы дала таңы» тарихи фильміне қатысты шу шығып жатыр. Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен үлкен мұра қалдырған ұлы ханның тарихи бейнесін көруге барған көрермен мүлдем басқа дүниеге тап болған. Қазақ тарихындағы хандар дәстүрі мен ұлт азаттық жолындағы жан қиярлық ерлікті дәріптеуді мақсат тұтады деген туындымыз араб идеялогиясының құрбанына айналып шыға келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Нақты айтар болсақ, аталмыш фильмнің тұсаукесеріне қатысып келген көрермендердің дені тарихи туындының діннің жетегінде кеткеніне кейістік білдірген. Қоғам белсендісі Абзал Досым «Алла» деген сөзден құлақ тұнғанын» жазған.
«Ұлы дала таңы» деген фильмді тамашалап келдік. «Алла» деген сөзден құлақ тұнды. Намазға да қайта-қайта жарнама жасады. Ақан Сатаев жүрген жерде діннің үстемдік ететіні Қазақфильмге басшы болып келгеннен-ақ біліп жүрдік.
Ақордадағы идеологтармен келісіп түсіргендіктен олар халықты түгел тізе бүктіріп имандылыққа бет бұрғызғысы келеді ме деген ой келді. Шәһид, Ғазауат деген кірме сөздер өріп жүр. Ерік Жолжақсынов қана Алла дей беруге аузы бармаған сияқты болып көрінді.
Фильмде қазақтарға «Ғазауат» жариялайды. Мағынасы - арабтардың дін жолындағы қасиетті жорығы...
Құдай, тәңір, әруақ деген бір түйір сөз айтылмады). Соңына дейін күттім. Тіпті соңында шығатын жазудан да алып тастаған. «Бабаларға бағышталады» деп қатырады. Месседж түсінікті. Ел болайық, бірігейік дегенге саяды. Бірақ дінді неге бұлай қарабайыр жолмен тықпалағаны түсініксіз.
Менің ойымша, ислам еркіндікті сүйетін, құлдықты мойындамайтын, әділетсіз ханға бағынбайтын көшпенді халықтың философиясына келмейді. Ислам діні - ханға қарсы шықпайтын, отырықшы халықтарға майдай жағады. Ал көшпенділер хан ұнамаса көшіп кете салатын болған», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.
Сол секілді белгілі режиссер Лязиза Керімқұл да тарихи фильмде осындай кемшіліктер кеткенін атап өткен.
«Жаны жәнната болсын» секілді сөздерден басқа ешнәрсе ойға түспеді. Авторлар қазақтың мұсылман болғанын көзге шұқып көрсеткісі келген шығар. Бірақ тағы да сол, қарабайыр «лобовой» шешімдер. Қазақтың тұрмысынан сыр шертетін этнографиялық көріністер жоқтың қасы, оның өзі сұрықсыз жұтаң пландар. Киноға нүктені абыз бен Қасымханның, баяндаушының монологы және титрдағы жазулар қойды. Олар болмаса Қасым ханның қасқа жолын түсінбестен кетер едік...
Біз қазір Айманов пен Қожықовтардың деңгейінен көп артта қалдық. Шын айтам. Парадокс! Әлемнің озық туындыларын көруге, киноөнердің қыр сырын меңгеруге мол мүмкіндік бар жаһандану кезеңінде біз неге әлі адасып жүрміз? Өмірде шынайы күліп, шынайы ашулана білетін халық экранда неге сондай жасандымыз? Әлде шынымен де кино бізге жат өнер болғаны ма?», деп атап өткен Лязиза Керімқұл.
Айтпақшы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Уайс Ерсайынұлы да фильмнің көрсетілімінен тура осындай ойман шыққанын жазыпты.
«Бұл олқылық емес, үлкен қателік, тіпті сорақылық!
Жалпы, ислам діні қазаққа әуел бастан парсылар арқылы кірген. Исламның негізгі құлшылығы намаз бен ораза деп парсыша аталуы, Жаратушының Құдай аталуы, тағы көп-көп діни танымдағы сөздердің парсыдан енгені сондықтан. Біз сонау Баласағұн, Яссауи, Йүгнеки заманынан Абай, Шәкәрім заманына дейін «Құдай деген халықпыз».
«Құдайдың құлы, Мұхамбеттің үмбетімін» деп иманға келгесін, құдай бар, құран шын, пайғамбар хақ дегенді балаларына үйретіп, уәде — құдай аты деп, антқа тұрып, құдай деген құр қалмас деп үміттеніп, құдайға шүкір деп, қанағат етіп, құдайсыз қурай да сынбайды деп құдайға иман келтіріп, құдай салды мен көндім деп, тағдырға мойынсұнып, ұра берсе құдай да өледі деп талаптанып, әулие құдай емес, құдайдан былай емес деп әруақ сыйлап, құдайдың бір аты халық деп түсініп, а, құдайым оңдасын деп бата беріп, құдая тоба деп тәубасын айтып, жалғыздық құдайға жарасқанын түсініп бас құрап, жалғыздың жары —құдай деп, жалғыз баласын құдайға тапсырып, жыртық үйдің құдайы бар деп сеніп, адам айдаса бармайтын, құдай айдаса қалмайтын, құдай сақтасын деп тәуекел еткен, құдай сақтанғанды ғана сақтар деп сақтанып, жақсысы өлсе құдайға керек деп сабыр етіп, қайғыда шұнақ құдай, қу құдай деп сөгіп, ақ құдай деп сүйіп, құдайдан безгенді сөгіп, құдай сүйгенді ұнатқан халықпыз.
Енді Алла сөзі жалпы халықтық лексиконға қашаннан бері кірген?
«Аллалап» жүргеніміз беріде, 19-ғасырда, указной татар молдаларының қазақ арасына дін таратуынан кейін, бір аллаға сыйынып, медреседе оқып, алланың өзі де сөзі де рас екенін ұғынған Ыбырай, Абай заманында басталған болуы керек. Абайдың өзі қарасөздерінде алла мен құдайды аралас қолданады. Шамасы, алла қазіргі ифтар деген сияқты, сол заманда жаңа келіп жатқан тренд сөз болған болуы керек. Әйтпесе, мен «Бес ғасыр жырлайдыны» оқып шықтым, ондағы жыраулардың ешқайсысында Алла жоқ. Кейбір өңделген вариацияларында беріде 19-20 ғасырларда қосылған некен-саяқ нұсқалары болмаса. Түгел жерде — Құдай. Қазақ ертегілерінің барлық жерінде Құдай деп келеді.
16 ғасырдағы қазақ лексиконында Алла сөзі кең қолданылмағанын жобалап ақылға салып, байқадыңыздар ғой? Онда қазақтар ұрыс барысында ешқашан жауға аңырап аллалап шаппағанын білуіңіз керек. Қазақ жауға әруақ деп, қала берді өз батыр ата-бабаларының атын айтып шапқан. (Құрығанда 20 ғасырға дейін). Қазақ құдайдан тілеген, әруаққа сыйынған халық. 19-дардан бастап діни таным бұзыла бастады. Кейін қойыртпаққа айналып, арабтық таныммен көмкерілді. Ол енді бөлек тақырып. Әй, бірақ, Ақан Сатаев оның бәрін қайдан білсін. Оған керегі қазақтың бәрін бір штампқа тығу сияқты ғой. Тарихи кеңесшілері қайда қараған?!», деп атап өткен Мәслихат депутаты.