$ 494.87  520.65  4.91

Мемлекет басшысы бизнесмендерді Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды

«Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деген ұран – бос сөз емес.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерін Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кәсіпкерлер тарапынан мемлекет саясатының болжап білу мүмкін еместігі және үнемі өзгеріп тұратыны туралы орынды сын жиі айтылады. Өткен жолғы кездесуде мен жаңа экономикалық саясат әзірлеуді тапсырғанмын. Бұл жұмыс табысты жүріп жатыр деуге келмейді. Тың ойлардың тапшылығын байқап отырмыз. Мұның дағдарысқа қарсы шараларға да қатысы бар. Блогосферада белсенді болып, сыни ескертулер айтып жүрген кәсіпкерлер мен экономистерді шақырып, Үкімет жанынан жұмыс тобын құруды тапсырдым. Бірақ ондай адамдар да ұзаққа бармады. Маған жеткен мәлімет бойынша, олар да нақты ұсыныстар мен идеяға келген кезде қиналып қалған. Дегенмен Үкімет пен Президент әкімшілігінен макро, салық, бюджет, ақша-кредит сияқты экономиканың барлық түрін қамтитын доктриналық құжат күтемін», - деді Мемлекет басшысы Ақордада өткен кездесуде.

Президент Реформалар жөніндегі жоғары экономикалық кеңестің отырысында ұйым жұмысын күшейту туралы тапсырма бергенін еске салды. «Бұл жұмысты бизнестің конструктивті қатысуы арқылы жүргізген жөн. Өйткені сонда ғана қажетті әрі тиімді реформа жасай аламыз. Осында отырғандардың бәріне айтамын: «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деген ұран – бос сөз емес. Кәсіпкерлердің, экономикадағы нақты сектор өкілдерінің бұл іске қатысуы өте маңызды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, салық саясаты мен оны әкімшілендіру ісіне ерекше назар аудару қажет. «Бұл салада бүгінде белгілі бір теңгерімсіздік байқалады. Мысалы, кейбір ірі компаниялар қолданыста салық режимі бойынша шағын кәсіпорындар деңгейінде салық төлеп, қулығын асырып жүр. Нақты көзделген ынталандыру шараларының орнына тұтас бизнес топтары мен қызмет түрлерін салықтан босату манипуляция құралына айналып отыр. Бюджетті қаржыдан айырып қана қоймай, қоғамның жікке бөлінуіне әкелетін, ұлттық игіліктерді үлестірудегі әділдікті төмендететін қайшылықтарды реттеу жолдарын ойластыру қажет. Мемлекет пен бизнес бұл мәселе бойынша бір тоқтамға келгеннен кейін салық заңнамасын тұрақтандырып, кездейсоқ өзгерістер тәжірибесін тоқтату қажет. Үкіметке бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, салық саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын. Құжатта елдегі салық салудың негізгі тәсілдері көрініс табуға тиіс. Салық саясатының негізгі өлшемшарттары тұрақты болуы керек. Цифрландыру есебінен салық төлеу процестерін оңайлатуға, адами факторды алып тастай отырып, әкімшілендіруге ерекше назар аудару керек. Бұл жұмысты бүгінгі және болашақ ахуалға, ұлттық міндеттерге сүйене отырып, мұқият жүргізу керек. Келесі жылдың басында Үкіметтен салмақты ұсыныстар күтемін», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада отандық бизнес өкілдерімен кездесті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары