26 мамырда Нұр-Сұлтанда қатты жел салдарынан баннер құлап, екі адам зардап шекті, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген суреттер пайда болды. Онда "Тәуелсіздікке 30 жыл" металл баннері құлағаны анық көрінеді.
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, оқиғадан бір әйел мен бір жасөспірім қыз зардап шеккен. Денесі көгеріп, жарақаттар алған олар көпсалалы қалалық ауруханаларға жеткізілді. Жедел жәрдем деңгейінде оларға ауруханалардың арнайы мамандары барлық қажетті медициналық көмек көрсетті.
"Зардап шеккен әйел түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Әйелдің жағдайы тұрақты, науқас толық айыққанша ауруханада болады және стационарлық ем алады. Тағы бір жарақат алған жасөспірімді мамандар тексерді. Науқастың жағдайы орташа болды. Дәрігерлер толық тексеру жүргізді, содан кейін науқас амбулаторлық емдеуге жіберілді", - делінген хабарламада.