Мемлекет басшысы елордадағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 референдум учаскесінде дауыс бергеннен кейін тілшілер сауалына жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Сұқбат барысында ол Қазақстан халқын алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын айтты.
«Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін өзгерістер енгізуге дауыс беріп жатқан Конституцияны іске асыру керек. Атап айтсақ, партияларға, Парламентке қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізілмек. Парламентіміз бұл міндетті абыроймен атқарады деп ойлаймын. Түптеп келгенде мемлекет пен қоғамның арасындағы қатынастың парадигмасы өзгереді, адам құқықтары бірінші орынға шығады. Бұл - аса маңызды. Конституцияда Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен жаңа мәртебеге ие болады. Омбудсмен Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Ол орган да біз үшін жаңа институт», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасы, қаза тапқандар тізімі соның ішінде 20 мың террорист туралы мәселеге де тоқталған:
"20 мыңға келсек, бұл көрсеткішті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары келтірген, бұл бүкіл елге қатысты. 13 қалада бір мезгілде қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында билікке қарсы бандиттік шабуылдар жасалғанын білесіздер. Қазір 5,5 мың қылмыстық іс қозғалды, 500 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Қаза болғандардың тізіміне қатысты айтсам, ол жарияланады, көпшілікке мәлім болады. Бұған дейін айтқанымдай, ол тізімде, лаңкестік топтың деп айтсақ болатын шығар, сол тараптың жағында жүріп қаза болғандар өте көп. Олар өз әрекеттері арқылы мемлекеттік құрылымымызды ыдыратқысы келді. Бірақ мемлекетімізге табан астынан қарсы шыққан топтарға қатысы болмаған адамдар да бар. Осыған байланысты, әрине, біз қайғырып, көңіл айтамыз. Азаматтарға қарсы ақтауға келмейтін әрекеттерге барған әскери қызметшілердің бәрі жауапкершілікке тартылатыны түсінікті. Тергеу жүріп жатыр, баллистикалық сараптамалар өтіп жатыр. Сондықтан бәрі айқындалады», - деді Мемлекет басшысы.