Ұлттық құрылтай туралы бастаманы қолдағандарыңыз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында.
Біз бүгін құрылтай жұмысының негізгі бағдарын айқындадық. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз. Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз.
Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өту сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады», - деді ол.
Президент алда ауқымды жұмыс барын айта келе, ел бірлігі тұрақтылық өзегі екенін еске салды.
«Алдымызда ауқымды жұмыс бар. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы керек. Онсыз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мүмкін емес. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың өзегі ел бірлігі екенін есте сақтайық. Халқымыз «Береке басы – бірлік» деген.
Қазір әлемдегі ахуал құбылмалы. Оны жақсы білесіздер. Осы күрделі кезеңде ауызбіршілігіміздің мықты болуы өте маңызды. Біз қиындықтың бәрін ынтымақтың арқасында еңсеріп келеміз. Болашақта да осы жолдан таймауымыз керек.
Мен халқымыздың жасампаздық рухына кәміл сенемін. Қазақ елінің мәртебесі биіктей берсін!», - деді Мемлекет басшысы.