$ 494.87  520.65  4.91

«Ұшақ дайын, жүре беріңіз!»: Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімов Тоқаевты елден кетуге үгіттеген

Мен президенттің аузынан естіген сөзімді айтып отырмын.

Қаңтар қақтығысы кезінде бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елден кетуді ұсынған. Тіпті бұл үшін арнайы ұшақ та дайындап қойыпты. Бұл туралы "Сұрауы бар" арнасына сұхбат берген жазушы Смағұл Елубай айтты. Қаламгерге бұл мәліметті президент Тоқаевтың өзі айтқан екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Қаңтар оқиғасы тұсында ол кісіге айтылған. Мәсімов бастаған бір топ келген. Бәрі шен-шекпенді адамдар болыпты. “Ана жақта ұшағыңыз дайын тұр, жүре беріңіз” деп айтқан. Мен президенттің аузынан естіген сөзімді айтып отырмын. Осыдан 45 күн бұрын кіріп шыққан едім. Осы оқиғадан кейін президент шындап кірісіп, бүкіл билікті қолға алды. Қауіпсіздік кеңесіне басшы болды. Оның көптеген процедуралары болатын. Оған қарамай өзі қаулы шығарып, билікті қолға алып Мәсімов пен қасындағыларды отырғызды. Бұл ұстау шаралары әлі жүріп жатыр”, – дейді жазушы. 

Оның айтуынша, егер президент олардың айтқанына көніп, сендер көпсіңдер мен жалғызбын деп кетіп қалған жағдайда сатқындық болатын еді.

“Бүкіл өзін сайлаған Қазақстан халқының ту сыртынан пышақ ұрған болар еді. Сондықтан ол кісі неде болса ерлік жасады. Қорықпады. Осыдан соң ҰҚШҰ әскерлерін шақырды. Егер ол халқын тастап, ұшаққа отырып кеткенде үш күннің ішінде Қазақстан бөлшектеніп кеткен болар еді. Бірден сепаратизм бас көтеріп, елімізде азаматтық соғыс басталып кетер еді. Қаңтар оқиғасы дегеніміз оның қасында ойыншық болып қалар еді”, – дейді Смағұл Елубай. 

Жазушы осыдан соң бүкіл халық көшеге шығатын еді дейді. 

“Мен айттым президентке, 75-ке келген мен де көшеге шығар едім деп. Мен де кез келген адамның президент болғанын қаламаймын. Заңсыз күшпенен келгенін қаламаймын. Бәріміз көшеге шығатын едік, қазақтар бір-бірін қыра бастайтын ба еді?Мүмкін өңір-өңір, аймақ болып бөлініп кетер еді. Құдай бізді осыдан сақтады. Мен президент ерлік жасады деп ойлаймын. Ол маған: “бұл менің президенттік және перзенттік парызым болды, басқаша шешім қабылдай алмадым”, – дейді ол. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары